Газадағы жағдай ЕуроОдақ назарында
Брюссельде ЕуроОдақ елдерінің Сыртқы істер министрлері бас қосып, ұйымның Таяу Шығыста бейбітшілік орнату бойынша жоспарын талқылады.
Бірақ жиынға арнайы шақырылған Израиль сыртқы саясат басшысы Одақтың бұл ұсынысынан бас тартты.
Брюссельде өткен кездесуде Еуроодақ сыртқы істер министрлері Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың «екі халық үшін екі мемлекет» жоспарынан бас тартуын айыптады. Одақ елдері Палестина мемлекетін құру алдағы бейбіт келіссөздерде талқыланатын басты мәселенің бірі болу керектігін жеткізді.
Жиында ұйым мемлекеттері ЕуроОдақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррельдің 10 тармақтан тұратын жоспарына қолдау білдірді. Құжатта Газа секторындағы қақтығысты тоқтату, кепілге алынғандарды босату және «екі мемлекет» құру арқылы аймақты қалпына келтіру ұсынылған. Алайда Израиль сыртқы істер министрі Одақтың бұл бейбіт жобасынан бас тартты.
Жозеп Боррель, ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:
- Израиль министрі бізге Газа жағалауында жасанды аралдар құру және Үндістанмен теміржол қатынасын орнату жоспарлары жайлы айтты. Бұл жобалар шамамен 7 жыл бұрын дайындалса керек. Дегенмен, ЕО елдері Израильдің қауіпсіздігін тек әскери жолмен емес, көрші мемлекеттермен бейбіт өмір сүру арқылы да қамтамасыз етуге болатынын жеткізді. Ал аймақта бейбітшіліктің кепілі Палестина мемлекетін құру екенін атап өтті.
Хаджа Лабиб, Бельгия Сыртқы істер министрі:
- Бұл соғысты қарумен шешу мүмкін емес. 7 қазаннан бері 25 мыңға жуық адам қаза тапты. Қазір Газа Секторындағы жағдай өте күрделі. Аштық жайлап, аурудың жаппай таралу қауіпі бар. Соғыс тоқтауы керек. Біз тез арада атысты тоқтатып, кепілге алынғандарды босатуға және халықаралық құқықты құрметтеуге шақырамыз. Бейбіт қатар өмір сүретін «екі мемлекет» құруға бағытталған бастамаларға оралу қажет.
Брюссельдегі кездесуге шақырылған Палестина ұлттық әкімшілігінің Сыртқы істер министрі Рияд әл-Малики Израильдің аймақты шабуылдап, халықаралық құқықты өрескел бұзып жатқанын айтты. ЕуроОдақ қақтығыс өңірдегі өзге елдерге тарап, ахуал қазіргіден бетер ушығып кетеді деп аландайды. Басқосуда тараптар Қызыл теңізде кемелерді қорғау үшін арнайы миссия құратын болып шешті.
Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов