Германияда теміржолшылар ереуілге шықты
Германияда темір жол қатынасы тоқтап тұр.
Өйткені пойыз машинистері мен жұмыс беруші компания Deutsche Bahn бір мәмілеге келе алмады. Сөйтіп 40 мың қызметкер жұмысқа шықпай қойған. Бұл – осы айда ұйымдастырылып отырған екінші наразылық акциясы.
Бұл – Германияның теміржол саласында бұрын-соңды болмаған ең ұзақ ереуіл. Наразылық 6 күнге жалғаспақ. Жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалысы толық тоқтатылған. Жолаушылар акция басталғалы діттеген жеріне жете алмай әлек. Бір Берлиннің өзінде электрлі пойызбен күн сайын миллионнан аса адам қатынайды. Сарапшылар: «ереуілден күн сайын 100 миллион еуро шығын келуі мүмкін», - дейді.
Хиджи, Оңтүстік Кореядан келген саяхатшы:
- Мен Оңтүстік Кореядан Кёльнді көруге келгем. Бүгін үйге қайтуым керек. Бірақ ұшағыма үлгермей қаламын ба деп қорқып отырмын. Кёльннен Берлинге қатынайтын пойыз жүрген жоқ. Билетімді ауыстырып, кешігіп жеттім. Бізде Кореяда да ереуілдер болып тұрады. Бірақ бұлай ұзақ жалғаспайды.
Рихана, Берлин тұрғыны:
- Ереуіл кесірінен мектепке кешігіп қалдық. Жолда кептеліс. Автобус ұзақ жүріп келді. Бұл дұрыс емес қой. Адамдардың жұмысы, сабағы бар дегендей. Өткен жолы наразылық акциясы болғанда көлікті 2 сағат күткен едім. Сол уақытты пайдалы нәрсеге жұмсасам болар еді ғой.
Ереуілшілердің басты талабы – жалақыны көтеріп, еңбек жағдайын жақсарту. Қазір теміржолшылар 3 мың еуро алады. Еңбекақысын 3,5 мың еуроға дейін көтергісі келеді. Сонымен қоса 3 мың еуро сыйақы төленсін деген талап қойып отыр.
Филипп Грамс, машинист:
- Біз келіссөз жүргізуге дайынбыз. Теміржол тасымалымен айналысатын 18 компаниямен бірігіп, талаптарымызды жолдадық. Енді біздің жұмыс берушіміздің жауабы керек. Ереуіл ары қарай жалғаса ма, жоқ па – бәрі соларға байланысты.
Бірақ «Дойче Бан» компаниясы ереуілшілердің талабы тым жоғары дейді. Мәселені ереуілмен емес, келіссөз арқылы шешуге шақырып отыр. Алайда машинистер алған бетінен қайтар емес.
Авторлары: Шолпан Найманбаева, Жұлдыз Атагельдиева.