Ыстамбұлдағы шіркеуге шабуылға қатысы бар деген күдікпен 47 кісі ұсталды
Бұл туралы осы елдің Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Шабуылды екі шетел азаматы жасағаны анықталып отыр.
Жексенбі күні таңертең екі қарулы адам Ыстамбұлдағы католиктік шіркеуге оқ жаудырды. Оқиға салдарынан бір адам қаза тапты. Түркия билігі шабуылға «Ирак және Левант лаңкестік ұйымына» қатысы бар Ресей мен Тәжікстан азаматы күдікке ілінгенін хабарлады.
Али Йерликая, Түркия Ішкі істер министрі:
- Біздің полиция күштеріміз тәулік бойы 30 түрлі мекен-жайға рейд жүргізіп, 47 адамды ұстады. Сағат түнгі 10-да көрсетілген мекен-жай бойынша жүргізілген тексеру кезінде кісі өлтірген екі күдікті де қолға түсті. Олардың екеуі де шетел азаматы. Бірі Тәжікстаннан, екіншісі Ресейден келген. Біз олар Ирак және Левант лаңкестік ұйымының мүшесі деп ойлаймыз.
Шабуыл Ыстамбұлдың Сарыер ауданындағы Әулие Мария шіркеуінде жергілікті уақыт бойынша сағат 11:40 шамасында болған. Қылмыстың себебі әлі толық анықталған жоқ. Түрік ақпарат құралдары таратқан бақылау камераларына жазылып қалған бейнетаспада бетперде киген қарулы екі адам шіркеуге жиналғандар мінәжат етіп жатқан кезде кіріп оқ жаудырғаны көрсетілген. Жағдайға қатысты ел президенті елдегі католик жамағатының басшысына хабарласып, көңіл айтты.
Авсин Хатипоглу, Ыстамбұлдағы Санта-Мария шіркеуінің заңгері:
- Бұл екі күдікті шіркеуге бетперде киіп келіп мұндай жантүршігерлік әрекетке саналы түрде барған. Түркия Республикасының барлық қауіпсіздік қызметі шабуылды кімдер ұйымдастырғанын анықтау үшін барлық шараларды қолға алып жатқанын мәлімдеді. Діни орындарға мейірімділік және құрметпен қарауға шақырды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Түркияда тыйым салынған ДАИШ лаңкестік ұйымына қарсы соңғы жарты жылда мыңнан аса операция жүргізіліп, 2086 күдіктінің 529-ы қамалған. 404-ін бақылауға алу туралы шешім шығарылған.
Авторы: Меруерт Қанағат