Германияда 200 мамандық бойынша кадр жетіспейді
Әсіресе IT мамандары, инженерлер, сәулетшілер, мұғалімдер және қарттарға қарайтын күтушілер тапшы, деп хабарлайды 24KZ.
Сондай-ақ жүк көлігінің жүргізушілері мен электршілер де керек. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Германия билігі басқа елден мамандардың келу ережесін барынша жеңілдетіп жатыр.
Сарапшылар кадр тапшылығына бала туудың азаюы мен мамандардың шетелге кетуі басты себеп дейді. Енді сырттан келушілерге арналған заңнама жүйесі жеңілдетілді. Бірақ неміс, ағылшын тілдерін білу, тиісті біліктілігі мен тәжірибесі болу сияқты бірқатар талап қойылған. Шетелден кадр тарту бағдарламасы кезең-кезеңімен іске асырылады.
Андреас Либерт, IT-компания өкілі:
- Біздің IT-компанияда 19 бос орын бар. Біз сазгерлер мен авторлардың құқығын қорғайтын, интернеттегі контентті қадағалап отыратын бағдарламалар жасаймыз. Енді бізге соларды дайындайтын мамандар қажет. Тегін тамақ, жұмысқа келетін велосипед береміз. Жұмыс кестесі өте ыңғайлы болады.
Қазір жұмыс беруші компаниялар саны 30-дан асады. Олар тәжірибелі мамандар ғана емес, сондай-ақ студенттерді де алуға дайын.
Мехмет, студент:
- Мен еңбекке 15 жасымнан бастап араластым. Ақшаның қадірін жақсы білемін. Жоғары жалақылы жұмыс іздеп жүрмін. Беделді фирмаға жұмысқа тұрсам деймін.
Юсуф, студент:
- Мен үшін ақша маңызды емес. Бастысы, жұмысым жайлы болып, одан ләззат ала алатындай болсам деймін. Біраз компаниядан ұсыныс алдым, енді соларды салыстырып қарауым керек.
Сарапшылардың болжамы бойынша бір ғана Бавария аймағында 2035 жылға қарай маман тапшылығы 400 мың адамға жетпек. Бұл – экономика қуаты бойынша әлемде төртінші орын алатын ел үшін үлкен қауіп.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Шолпан Найманбаева.