Түркияда пәтер қымбаттады
Түркияда пәтер күрт қымбаттап кетті.
Баспананың орташа бағасы 100 мың доллардан асады.
Жергілікті статистика интитутының деректеріне сүйенсек, бұл былтырғыдан 84%-ға көп.
Түркияда пәтердің бір шаршы метрінің бағасы 780 АҚШ долларына жетті. Мұндай бағадағы тұрғын үй инвестициясының қайтарым мерзімі орташа есеппен 15 жыл. Ең қымбат үйлердің көшін Ыстамбұл, Анкара мен Измир қалалары бастап тұр. Ал, соңғы бір жылда Хатай өңірінде баға шарықтап кетті. Баспана құны 124% ға өскен. Хатай, былтырғы зілзалада жермен-жексен болған провинциялардың бірі.
Мелтем Йигит, жылжымайтын мүлік агенті:
- Бір жыл бұрынғы жер сілкінісіне байланысты апаттық өңірлерден көшушілер легі артты. Баспанасы бүлініп, қираған жұрт көп. Сұраныс бұрынғыдан жоғары. Үй де шектеулі. Құрылыс заттары долларға байланысты болған соң, баға да өсті. Десе де, баспана әрбір адамның қажеттілігі. Қымбаттаса да алуы қажет. Сондықтан өзін өзі 15 жылда ақтаса да басқа амал жоқ. Жалпы елдегі инфляцияны ескерсек үйді қаншалықты ерте алсаң, соншалықты пайдалы. Себебі үйдің бағасы қанша уақыт өтсе де арзандамайды.
Желтоқсан айында елдегі тұрғын үй сатылымы өткен жылмен салыстырғанда 33% төмендеген. Дегенмен, сұраныстың төмендеуі жылжымайтын мүлік бағасына әсер ете қойған жоқ. Десе де, соңғы жылда еселеп артқан жалға алу бағасына аз да болса әсер етті деуге болады дейді мамандар.
Серап Кахраман, жылжымайтын мүлік нарығының маманы:
- Жалпы жылжымайтын мүлік саудасының түсуіне жоғары пайызды ипотекалық бағдарламалар себеп. Банктер алғашқы пәтерін рәсімдеушілерге қолайлы жағдай жасайды. Бірақ ол да шектеулі.
Ал екі немесе одан да көп пәтер алатындарға жалпы соманың 17,5 нан 22,5 процентіне дейінгі аралығында ғана ипотека рәсімдеуіне рұқсат. Осы себепті тұрғындар көбіне пәтерді үлескер ретінде алуға тырысады.
Сондай-ақ 2023 жылы шетелдіктерге үй сату 68%-ға төмендеген. Жалпы құны 400 000 доллардан асатын жылжымайтын мүлік сатып алған шетелдіктерге түрік азаматтығын алу құқығы беріледі. Ал елде тұруға рұқсат беретін ықтиярхатқа қол жеткізу үшін кемінде 200 мың долларлық үй сатып алуыңыз қажет. Айта кеткен жөн, елде пәтерді жалға алу бағасын төмендету үшін тұрғын үйін туризм мақсатында қысқа мерзімге жалға берушілерге салық артып, қатаң ереже қабылданды.
Меруерт Қанағат