Әлем елдерінде ескі көлікке есік жабық
Испанияда ескі көлік қалаға кіре алмайды.
Мадрид пен Барселонада 2000-2006 жылдары шыққан бензинмен, дизельмен жүретін көліктердің қозғалысына былтыр жыл соңында тыйым салынды. Ережеге бағынбаған жүргізуші 900 еуро айыппұл төлейді. Тек электр қуатын пайдаланатын көліктерге ғана шектеу жоқ. Бұл талап Еуропалық Комиссияның 2050 жылға қарай жасыл экономикаға көшу жоспарының бір бөлігі. Сондай-ақ, ұйым 2030 жылға таман Еуроодақтың 27 елінде бензин, дизельмен жүретін автокөліктерді сатуға тыйым салмақ. Осылайша көліктердің зиянды шығарындыларын 55%-ға азайтуға ниетті.
ЦИТАТА
Жасыл экономика – жарқын болашақ. Бізден кейінгі жас ұрпақ қамы үшін, оларға үлгі болу үшін, қазірден әрекет ету керек. Қоршаған ортаға зиян келтірмей, табиғатты аялау әрбір азаматтың парызы.
Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрағасы
Ескі көлікке жол жоқ
Лондонда ескі көлік мінгендер қала орталығына кіргені үшін салық төлейді.
Бұл ереже Ұлыбританияда 2019 жылдан бері бар. Соның арқасында ауаға таралған озон оксидтерінің қалдығы 45 пайызға төмендеді. Лондон императорлық колледжінің сараптамасына сәйкес, ауаны ластайтын көліктер 60 пайызға азайған. Бұл көрсеткішке көңілі толған шаһар басшысы Садик Хан тозығы жеткен көлікпен жүретіндердің барлығына салық салуды көздеп отыр.
ЦИТАТА:
Жыл сайын 4 мыңнан астам адам мезгілінен бұрын қайтыс болады. Бұл тікелей лас ауамен байланысты. Балалар тыныс алудың айықпас ауруларына шалдыққан. Ересектер демікпе, қатерлі ісік сияқты дерттерге душар болып жатыр. Ал бұл шаралар соның алдын алу үшін жасалып отыр.
Лондон қаласының мэрі Садик Хан
Германияда ескі көліктерін өткізгендерге шамамен 150 еуро сыйақы беріледі. Еуропаның кей елдерінде утиль алымның орнына жол салығы, экологиялық салық енгізілген. Көлік ескірген сайын оның салығы арта береді. Сондықтан еуропалықтар ескісін өткізіп, жаңасын алуға асығады. Айта кетейін, қазір Германияда 15 мыңға тарта қайта өңдеуге өткізу орталығы жұмыс істейді. 200-ге жуық зауыт іске қосылған.
Әлем бойынша бір жылда 30 миллионнан астам көлік қайта өңдеу орталығынан бір-ақ шығады. Еуропалық сарапшылардың пікірінше, ескі көліктердің металын қайта өңдеуге, шикізатты өңдеуге қарағанда 75 пайыз аз энергия жұмсалады. Бір ғана Еуропаның өзінде жыл сайын 10 миллиондай көлік қайта өңдеуге өткізіледі екен. Ескі көліктердің орташа «жасы» – 10 жылдың шамасында. Жалпы Еуропаның көптеген елінде ескі көлікті қайта өңдеу орталығына апарып тапсырмағандар үшін 75 мың еуроға дейін айыппұл бар. Тіпті 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруы да мүмкін.
Жалпы ескі көлікті қайта өңдеу тәжірибесі 2008 жылғы жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде қолға алынған. Мәселен, Қытайда «Ескі көліктен жаңа көлікке» деген бағдарлама бар. Бұл ел жаңа көлік сатып алуға субсидия беру мақсатында 6,41 млрд юань ($1,1 млрд) бөлген. Сондай-ақ 2009 жылы АҚШ-та «Кланкерлерге арналған ақша» (Cash for clunkers) деген жаңа көлік алуға жеңілдік қарастыратын жәрдемақы берілді. Нәтижесінде, экологияға зиянды көптеген көлік қайта өңдеу орталықтарына жөнелтілді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын ауаның ластануынан 10 миллионға жуық адам көз жұмады екен. Ал ластаудың 85 пайызы көліктен келеді.
Қоғамды көліксіз елестету қиын да шығар. Бірақ, жаяу жүрмеудің зиянын адам баласы ұғынып келеді. Ал көліктен шығатын газдың қаншалықты зиян келітріп жатқанын айттық. Сондықтан оның да зиянсызын мінесіз бе, зияндысын мінесіз бе?