Сергелдеңге салған синтетикалық есірткі
АҚШ-та фентанилге тәуелділік жыл сайын мыңдаған адамның өмірін жалмауда.
Былтырдың өзінде 112 мыңнан аса өлім дерегі тіркелген. Сорақысы сол, синтетикалық опиоид героинінен елу есе күшті психотроптық зат жасөспірімдердің өміріне балта шабуда. Сарапшылар небәрі 2 миллиграмының өзі ажал құштыратын фентанилден қаза тапқандар, жол апаты құрбандарының санынан асып түскенін айтып дабыл қағуда.
Дәрігерлер ауыр дене жарақаттары кезінде науқастарға ауырсынуды басу үшін жазып беретін опиоидтар бүгінгі күні жаппай тәуелділікке душар етуде. Яғни онсыз жаны жай таппайтын науқас қалыпты тіршілігіне қайта оралу үшін кезекті дозасын қабылдауға мәжбүр. Дегенмен, фентанил тыйым салынған қолжетімсіз заттар қатарынан емес. Ал бұрын-соңды болмаған мұндай өлім-жітімге бейберекет өндірілген, елге сырттан заңсыз жолмен әкелінген түрі себеп болып отыр. Есірткіге қарсы күрес басқармасы тәркілеген осындай әрбір 10 таблетканың 7-де өлімге әкелетін мөлшер бары анықталған. Соңғы онжылдықта фармацевтикалық компаниялар мен дәріхана желілерінің үстінен опиоидтық дағдарысқа басты себепші болғаны үшін көптеген штаттарда шағым түскен. 2021 жылы осындай сот істерін реттеу бойынша ұлттық келісімдерге қол жеткізілді. Жалпы алғанда, фармацевтикалық дистрибьюторлар 18 жыл ішінде ел бойынша 21 миллиард долларға дейін төлейді. Алайда үш штат бұл мәміледен бас тартып, істі қайта жалғастырды. Мәселен, Вашингтон штатының соты өткен аптада маңызды шешім қабылдады.
Боб Фергюсон, Вашингтон штатының бас прокуроры:
- Халық арасында тәуелділік дағдарысын тудырғаны үшін дәрі өндіруші «Johnson & Johnson» компаниясы 149,5 миллион доллар өтемақы төлейді. Бұл қаражат штаттағы фентанил дағдарысымен күресуге көмектеседі. Біз ұлттық мәміледен бас тартып, жақсы нәтижеге қол жеткізген үш штаттың біріміз. Біздің келісім осы ресурстарды дағдарыспен күресуге ертерек бағыттайды. Ұлттық келісім бойынша бұл төлем бізге 9 жыл ішінде бөліп жасалуы тиіс еді. Ал мына шешім бойынша олар біздің штатқа төлемді бірден жасайды.
Елдегі жағдайға байланысты республикашылдардың басым бөлігі фентанил контрабандасын тоқтата алмаған қазіргі Президентті сынға алды. Мәселен қарашадағы президент сайлауынан үміткер Никки Хейли фентанил құрбандарының саны Ирак, Ауғанстан және Вьетнамдағы соғыста қаза тапқандардан да асып түскенін алға тартып отыр. Ал Байден әкімшілігі белсенді заттың ел ішінде таралуын барынша тежеуге тырысып бағуда. Федералды бақылаушы органдар опиоидтарды рецепт бойынша жазуға жаңа шектеулер енгізіп, “Бір ғана таблетка өлімге әкелуі мүмкін” деген кампанияны жүзеге асыруда. Фентанилдің қаупі туралы ата-аналарды, мектеп оқушыларын, қоғамдық ұйымдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын хабардар етуде. Оның үстіне оңтүстік шекарадағы миграциялық дағдарыс та есірткі контрабандасын көбейтіп отыр. Өткен жылы Мексикамен шекарадағы кіріс-шығыс бекеттерін қадағалайтын мамандар саны ұлғайтылып, сырттан келетін көліктерге бақылау күшейтілді.
Айжан Сыдыкова, тілші:
«Былтыр АҚШ-та 78 миллион данадан астам жалған фентанил таблеткасы мен бес жарым мың келіге жуық ұнтағы тәркіленген. Есірткіге қарсы күрес басқармасының ақпараты бойынша, бұл 388 миллион дозаға тең және әр америкалықты өлтіруге жеткілікті. 2021 жылы есірткіден қайтыс болған жасөспірімдердің 77% синтетикалық түрінен уланған. Көз жұмған әрбір он баланың біреуі бұрын нашақорлықтан емделген екен. Яғни сау ұрпақтың өзін улап жатыр деген сөз. Жалпы сарапшылардың айтуынша АҚШ та жыл сайын есірткімен күреске 40 млрд доллар жұмсалады».
Айжан Сыдыкова