Балық - байлық көзі
Дүниежүзі бойынша ауланатын балық пен өндірілетін теңіз өнімдері жылына 100 млн тоннаға жетіп отыр.
Қазір әлемдегі ең табысы мол бизнестің түрі осы балық шаруашылығына тиесілі. Ауланатын балықтың жартысынан астамы – Жапония, Қытай, АҚШ, Чили, Перу және Ресейдің еншісінде.
Бірақ кейінгі жылдары теңіздегі тіршілік иелеріне қауіп төніп тұр. Оған әсер ететін факторлар бар.
Қытайдағы ең табысты адамдар - балық шаруашылығын қолға алғандар. Әсіресе балықты қолдан өсіру кәсібі жақсы дамыған. Қытайлықтар 4 мың жыл бұрын пайда болған ата кәсіпті, бүгінге дейін жалғап келе жатыр. Балықшылар үшін қаңтар, ақпан олжалы кезең көрінеді. Жыл сайын Фухай уезіндегі Улунгул өзенініне жиналып, ұзындығы мың метрлік аумен, 5 мың келі балық аулау дәстүрге айналған. Жалпы бұл өзен "Гоби шөлінің теңізі" деген атаумен танымал. Онда балықтың 20 мыңнан астам түрі мекендейді. Жыл сайын 8 мың тонна өнім өндіріледі.
Газалық балықшылардың мұңы
Таяу Шығыстағы Газаны аштық жайлағаны жасырын жайт емес. Халық ішерге ас таппай, босып жүр. Балықшылар теңізден балық аулайын десе, тек 100 метр қашықтыққа дейін ғана қайықпен бара алады. Одан сәл асса, Израиль әскері торуылдап оқ атуға дайын тұр. Жергілікті балықшылар қақтығысқа дейін кәсібінің алғап басып, моторлы қайықпен 500 метрге дейін жетіп, балық аулағанын айтады.
Абдул Рахим Аль-Наджар, балықшы:
- Жағдай қиын. Күнде басымызды қатерге тігіп, қауіпті теңіз бетіне шығамыз. Тым болмаса балаларымыз нәр татсын дейміз. Қармағымызды арқалап күнде келеміз. Бірақ қармап жатқан түгіміз жоқ.
Табиғи апат зардабы
Айтып келмейтін табиғи апаттар балық шаруашылығына зиян келтіріп жатыр. Жапонияда былтыр жыл соңында мың тонна балық қырылып, шаруалар мол шығынға батты. Сарапшылардың пікірінше, теңіз түбінде қажетті кислород жетіспегендіктен, балықтар тұншығып қалған. Жойқын зілзала зардабы балықшыларға ауыр тиді. Бір ғана Исикавада 69 балық аулау портының 50-і қираған. Кемелер суға батып, жағалаудың астан-кестеңі шыққан.
Ал Исландияның балықшылар тұратын Гриндавик қаласында жанартау атқылап жатыр. Бұл негізгі кәсібін балықпен байланыстырған халық үшін оңайға соқпады. Өйткені бұл сала жалпы халықтың 12%-ын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ел экономикасының негізгі тірегі десек те болады. Сыртқа шығаратын тауарлардың 70%-ын құрайды. Бұған қоса Исландия халқы кит аулаумен айналысады. Солтүстігін Гренланд теңізі, шығысын - Норвег теңізі, батысын - Дат бұғазы шайып жатқантықтан Исландия балыққа бай ел. Бірақ табиғаттың тосын мінезі, сол байлықты игеруге мүмкіндік бермей отыр.
Әрі тағам, әрі ем
Балықтың кей түрлері адамның кей ағзаларын, мәселен зақымдалған көз тінін қайта өсіре алады. Ал оны қалпына келтіруге "данио" балығы қабілетті екен. Яғни адам мен аталған балық гендерінің 70%-ы бір-біріне сәйкес келеді. Швециялық ғалымдар осылай дейді. Қазір 20 мыңнан астам данио балығы Стокгольмдегі Каролинск институтындағы зертханада сақталған. Ғалымдар қазір қатерлі ісік ауруларының да алдын алу мақсатында балықтан дәрі-дәрмек өндіру үшін, зерттеу жүргізіп жатыр.
Ларс Бротигам, зерттеуші:
- Онкологиялық аурулардың қай түрі болмасын күрделі. Оны емдеу үшін түрлі әдістер де жоқ емес. Бірақ бұл бірден - бір тың әдіс деп айтсам болады. Қазір зертханада талдау, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесін алдағы уақытта тәжірибе барысында көретін боламыз.
Балықты өсіре білсе, оның пайдасы да мол. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына 16 келіден кем емес балық етін жеуге кеңес береді.
Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 келедін келеді екен. Біздің қазақ балық етінен гөрі, мал етін жегенді тәуір көреді ғой. Дегенмен балық шаруашылығы біздің елде де кенже қалып жатқан жоқ.