Ленинградтың қоршаудан азат етілгеніне 80 жыл
Санкт-Петербургте қаланың фашистік блокададан толық азат етілгеніне 80 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті.
Оған Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев қатысты.
Бұл қаланы жаудан азат етуде қазақстандықтардың қосқан үлесі зор. Ленинград үшін шайқасқа қазақ әскери құрамының үштен бір бөлігі қатысқан.
Қазақстандық делегация алдымен Пискарев мемориалдық зиратына гүл шоқтарын қойды. Қазақ жауынгерлері Нева бойындағы қаланы қорғауда және оны азат етуде ерен ерлік көрсетті. Әйгілі Киров крейсерінің экипажында 156 қазақстандық болған. Жерлестеріміз Ленинград облысындағы партизан отрядтарында шайқасты. Қоршауда қалған қалаға Қазақстаннан азық-түлік пен жылы киім-кешек легі жөнелтілді. Еліміз жау қолында қалған қаладан эвакуацияланған ондаған мың ленинградтықтың екінші отанына айналды.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Біздің басты мақсатымыз-қазақстандықтардың ҰОС жеңісіне қосқан үлесі туралы біз айтып кеттік. Бұл жерде сезгеніміз, Ресей Федерациясында біздің көрсеткен жауынгершілік ерлікті ұмытпағандығы. Әлі күнге дейін құрметпен қарайды.
Ленинград қоршауы қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың шығармашылығынан ерекше көрініс тапты. Оның «Ленинградтық өренім!» атты жыры қиын кезеңде қала тұрғындарын рухтандырды. Петербург тұрғындары Жамбылға ерекше құрметпен қарайды. Қала көшелерінің біріне ақын есімі берілген.
Евгений Кассюра, Санкт-Петербург қалалық сыртқы байланыстар комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазақтың ұлы ақыны екінші дүниежүзілік соғыста Ленинград тұрғындарына отты жырларымен күш берді. Оны ешкім ұмытпайды. Біз әрқашан ескерткіштің алдына келіп, тағзым етеміз.
Анастасия Андросова, оқушы:
- Жамбыл Жабаев қазақтың әйгілі ақыны. Оның «Ленинградтық өренім» өлеңі жеңіске бір табан жақындауға септігін тигізді. Сондықтан, біз, өскелең ұрпақ қазақ ақынын құрметтеп, есімін ұлықтауымыз қажет.
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова 1941-1942 жылдары Ленинградтағы сұрапыл блокада қысынан аман шықты. Санкт-Петербургте Әлияға қойылған ескерткіш екі елдің ортақ тарихы мен бауырластық қарым-қатынастың белгісіне айналды.
Қазақстандық делегация Әлия Молдағұлова ерлікпен қаза тапқан Псков облысына да ат басын бұрды. Монаков қорымындағы Мәңгілік алауға және Әскери даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды. Мұнда 730 қазақстандық жауынгер жерленген. Еске алу шараларына қатысқан екі елдің өкілдері де осындай ерен ерлікті есте сақтап, ұрпаққа насихаттау қасиетті борышымыз деп тарқасты.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров