Әлеуметтік желі балаға зорлық-зомбылық жасау құралына айналды
Соңғы жылдары балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері жиілеп барады.
Жыл сайын мыңдаған адам белгісіз топтардың құрбанына айналады. Араларында өз-өзіне қол жұмсайтындары қаншама?! Әлеуметтік желі әліппемізге айналған заманда мұндай қатерден қалай қорғану керек? Осыған байланысты бүгін АҚШ сенаторлары технологиялық алпауыттардың басшыларын жинап, тығырықтан шығу жолын талқылады.
- Мен Фейсбукте виртуалды зорлық-зомбылыққа ұшырадым.
- Мен Инстаграм желісінде виртуалды зәбір көрдім.
- Ұлым Райли Фейсбукте виртуалды зорлық көргеннен кейін өзіне қол жұмсап, қайтыс болды.
Әлеуметтік желі желі емес, желім болып тұр. Ол тек жастардың жадын ғана улап қоймай, аға буынның өзін де арбап жатыр. Ал бұл қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Осыған алаңдаған америкалық сенаторлар бүгін әлеуметтік желі басшыларын тыңдауға шақырып, мәселені тереңінен талқылады. Қыруар қаржы табу үшін емес, қарашаның қамы үшін не істеліп жатқанын сұрады.
Линдси Грэм, АҚШ Конгресінің сенаторы:
- Әр американдық әділетсіздікке тап болғанда шағымын айтуға құқылы. Бірақ бізде бұған қатысты заң жоқ. Сіздерді сотқа да бере алмайсың. Егер бізде мына адамдарды жауапқа тартуға мүмкіндік беретін жүйе болмаса, аудиторияда отырған азаматтар біздің оларға көмектескіміз келетініне қалай сенсін? Әрине әлеуметтік желілердің жақсы жері көп, бірақ кемшіліктері одан асады.
Бірақ сын садағына ілінген сала мамандары мұнымен келіспейтіндей сыңай танытты. Олардың айтуынша, қолданушылар тарапынан түскен арыз шағымдар қаралады. Жасөспірімдерге ұсынылатын контент қатаң бақыланады.
Эван Шпигель, Snap Inc. бас директоры:
- Қосымшада шағым түсіруге мүмкіндік беретін бөлім бар. Буллингке ұшыраған кез келген азамат бізге хабарлама жолдай алады. Әдетте біз мұндай хаттарға 15 минуттың ішінде жауап беріп, көмектесуге тырысамыз.
Шоу Цзы Чу, TikTok бас директоры:
- Тикток 13 жастан асқан балаларға қатысты саясатын қатаң ұстанады. Оларға қойылатын талап ересектердікінен де жоғары.
Бірнеше сағатқа созылған отырыста Мета басшысы Марк Цукерберг те сұрақ астында қалды. Себебі кәмелетке толмағандардың біразы дәл осы кәсіпкердің платформаларынан зардап шеккен. Бірақ олардың ешқайсысын Фейсбук иесі тарапынан ешқандай өтемақы алмаған. Ақырында кешірім сұрауына тура келді.
Марк Цукерберг, Meta компаниясының бас директоры:
- Мен сіздерден кешірім сұраймын. Көп қиындықты бастан өткердіңіздер. Мұндай жағдайды ешкімнің басына салмасын. Біз өз тарапымыздан бірде бір адамның зардап шекпеуі үшін қолдан келгенше жұмысымызды жалғастырамыз.
Бір қызығы, Сенат қабырғасында өткен тыңдауда Ютуб ((YouTube )) пен Гугл (( Google)) өкілдері болмады. Пью зерттеу орталығының дерегіне сай, дәл осы платформаларды балалардың 90 пайызы қолданады.