Бішкек жылусыз қалды
Бішкекте жылу электр орталығында жарылыс болып, қазандықтардың бірі істен шықты.
Оқиға салдарынан мыңдаған адам жылусыз қалды. Зардап шеккендер де бар. Қырғызстан төтенше жағдай министрі Бообек Әжікеевтің сөзінше, апат қасақана жасалған болуы да мүмкін.
Жылу электр торабындағы оқиға түнгі сағат үштер шамасында тіркелді. Он төрт қазандықтың бірі жарылып, 5 адам зардап шекті. Оның үшеуін әр түрлі дәрежеде күйік шалып, дереу ауруханаға жеткізілген. Қазір реанимацияда. Дәрігерлердің айтуынша, екеуінің жағдайы нашар, тағы бірі өте ауыр халде. Жарылыстың қалай болғаны әзірге белгісіз. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бообек Әжікеев, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Жарылыстың қалай болғаны туралы екі нұсқа бар. Қауіпсіздік комитеті төрағасының айтуынша, апат алдын ала жоспарланған болуы мүмкін. Өйткені түнгі үштер шамасында бірнеше рет қатты дыбыс шықты. Әрине, біз техникалық кедергілерді де жоққа шығара алмаймыз.
Жарылыс болған маңда тасқынды болдырмау үшін алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Оқиға кезінде төрт қазандық жарықсыз қалған. Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету үшін мамандар бүгін кешке дейін желіні қалыпқа келтіруді жоспарлап отыр. Өйткені пәтерлерде температура төмендеп кеткен. Сынап бағанасы түнде минус 9-ға дейін түссе, жағдайдың ушығатын түрі бар.
Жырғалбек Шамырәлиев, Бішкек қаласының вице-мэрі:
- Көпқабатты тұрғын үйлердің 66 пайызында, яғни 2493 үйде жылу жоқ. Ал 400-ден астам пәтерде ыстық су өшкен.
Қазір қалада мектептердің барлығы уақытша жабылып, онлайн режимге көшті. Министрлік қосымша жылыту пунктілерін жабдықтауға әзір. Ал энергетиктерге пәтерлерді үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету тапсырылды. Билік жылу қазандығын қалыпқа келтіру жұмыстары бір жетіге дейін созылады деп мәлімдеді. Әзірге орталық жұмысын апаттық жағдайда жалғастыра береді. Ал энергетиктер болса тұрғын үйлерде жарықты сөндірмеуге уәде берді.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Бакыт Чермашев