Мигранттар Байденның бас ауруына айналды
АҚШ Мексикамен арадағы шекарада бұрын-соңды болмаған миграциялық дағдарысты бастан кешіп жатыр.
Елдің Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәлімдеуінше, қазір Америкаға пана іздеп барған босқындар саны 3 миллионға жеткен. Ал Сенат осы көші-қонға қатысты заң жобасын әлі қабылдай алмай жатыр.
Қазір АҚШ-қа Мексика шекарасы арқылы заңсыз келушілердің қарасында қисап жоқ. Ірі шаһарларда көше кезген босқындарды көптеп кездестіруге болады. Үйсіз-күйсіз әр бұрышты паналаған мигранттар қала ресурстарына салмақ салып, Байденнің бас ауруына айналған. Дерекке сүйенсек, ол билікке келгелі бері елдегі Кеден және шекара қызметі оңтүстік шекарадан 6 миллионнан астам заңсыз өту дерегін анықтаған. Ал былтыр 800 мың босқын паналауға өтініш берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 63 пайызға артық. Олардың ішінде өз елінде қудалауға ұшырап, пана іздегендер де, америкалық арман жетелеп шекараны заңсыз кесіп келгендер де бар. Harvard-тың қаңтар айында жүргізген сауалнамасы көрсеткендей, сайлаушылар, оның ішінде демократтардың 50%-ы шекарадағы жүйені қатаңдату тиіс деп санайды.
Майк Джонсон, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:
- Техастан Нью-Йорк және басқа қалаларға қарай заңсыз босқындардың ағылуы елдегі жағдайды шиеленістіріп барады. Өзім спикер болып сайланғаныма жүз күн толмай жатып Байден әкімшілігі елге 700 мыңнан астам босқынды заңсыз қабылдап үлгірді. Кейбір мекендерде оқушылар cабақты онлайн оқуға мәжбүр. Себебі мектептерде босқындар түнейді. Сол секілді соғыс ардагерлерін де қарттар үйінен шығарып, бұл орындарды мигранттардың панасына айналдырып жатыр.
Босқындар дағдарысынан АҚШ 2006 жылдан бері Қорғаныс министрлігінің қосымша күштері мен шекарашылардың санын арттыруға мәжбүр. Өткен айдың соңында Сенат жаңа иммиграциялық заң жобасын қабылдауы керек еді. Бірақ Жоғарғы палата оны әлі талқылауға кіріспеген. Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон болса, Байден әкімшілігі қолдаған заңды сынға алып отыр. Ол құжатта шекараны бір күнде 5 мыңнан аса мигрант кесіп өткенде президент шекараны жабу туралы шешім шығарады деген бапқа қарамастан елге жыл сайын 1 миллионнан астам мигрант келуі мүмкін дейді. Шекарадағы аймақтардың тұрғындары да биліктің жуық арада мәселені шеше алатынына күмәнмен қарайды.
Эшли Купер, Техас тұрғыны:
- Меніңше, саяси шешімдер жағдайды шынайы тұрақтандыруға көмектесіп жатқан жоқ. Әркім өз мүддесін алға тартқысы келетін сияқты. Бұл қарапайым адамдар үшін пайдалы деп айта алмаймын. Біз барлығына бірдей тиімді жолды таңдауымыз керек.
Ахуалды АҚШ Жоғарғы сотының Техас билігінің Мексикамен шекараны сым темірлермен қоршауын заңға қайшы деп, алып тастау туралы шешім шығару ушықтыра түсті. Штат губернаторы Грег Эбботт бұған босқындарға басқыншылық шараларын жариялау арқылы жауап берді. Ол федералды билік шекараны қорғай алмаған кезде штат өз саясатын жүзеге асыратынын ашық айтты. Елдегі 25 штаттың республикашыл губернаторлары Техас билігін қолдап, Байден әкімшілігін заңсыз көші-қонмен күресуге дайын емес деп айыптады. Тіпті Флорида губернаторы Рон Десантис Техасқа штаттың ұлттық гвардиясының мыңға жуық әскерін жіберетінін жариялады.
Айжан Сыдыкова