Еуроодақ Газадағы ахуалды талқылады
Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс қолдан жасалып отыр.
Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель Брюссельде Одақтың сыртқы істер министрлерінің басқосуында осылай деп мәлімдеді. Оның былай айтуына бірқатар елдің БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету агенттігін қаржыландыруды тоқтатуы түрткі болды. Мәселе агенттіктің кей қызметкерлері ХАМАС-қа көмектесті деген айыптаулардан кейін туындаған. Бірақ Боррель осы үшін ұйымға қолдауды доғару дұрыс емес дейді.
Жозеп Боррель, ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:
- БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету агенттігі Газадағы жұмысын жалғастыру керек. Еуроодақ елдерінің көбі осылай деп отыр. Қазір оны ауыстыра алатын ұйым жоқ. Ал аймақта ахуал қатты шиеленісіп кеткен. Себебі Израиль тарапы оңтүстік аумақты бомбалауға кірісті. Ал ол жақта бұған дейн әскери қимылдардан қашып, бас сауғалаған жүздеген мың тұрғын бар.
Газадағы ауруханалардағы жағдай да күрделі. Өйткені қақтығыстан көптеген дәрігер өмірлеріне алаңдап, қашуға мәжбүр. Оның үстіне Израиль әскерінің қоршауынан өңірге гуманитарлық жүктер кіргізілмей, дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық жетіспей жатыр. Айта кетейік, Израиль шабуылынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 27 мыңнан асты. Тағы 66 мың адам жарақат алған.