Қазақ жауынгерлері халықаралық жарыста
Қазақстанның «Сұңқар» арнайы жасақ жауынгерлері мен «Сардарлық сарбаздар» командасы Дубайда өтіп жатқан SWAT Challenge турнирінің алғашқы күні үздіктер қатарынан көрінді.
Отандастарымыз 76 команданың ішінде топ жарды. Халықаралық сайысқа әлемнің 41 елінен келген арнайы жасақ сарбаздары қатысып жатыр.
Арнайы жасақ жауынгерлеріне арналған жарыс Дубай әмірлігінде осымен бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жауынгерлер тактикалық дағдыларды, психикалық зейінді және физикалық төзімділікті сынауға бағытталған тактикалық, шабуыл және құтқару кезеңдерін жедел әрі дәл еңсеруі тиіс. 41 елден келген 76 команданың арасында қазақстандық құрамасының жеңіске деген ынтасы зор.
Ержан Байжанов, Қазақстан командасының жетекшісі:
- Бірдей жақсы нәтижемен келе жатырмыз қазір. Біздің жігіттердің дайындығы қарсылас командалардан кем емес, біздің жігіттер мықты. Нәтижемізді жоғары деңгейде көрсетуге дайынбыз. Қазақстан, алға!
Абдулла Алшайх, Дубай полициясының ресми өкілі:
- Қазақстан командасының чемпионатқа қатысып жатқанына қуаныштымыз. Жеңімпаз командалардың арасындағы айырмашылық минуттар емес, секундтар ғана. Әсіресе, мұны тактикалық жарыста байқадық. Командалардың биылғы дайындығы өте мықты.
Бүркіт, Сұңқар, Сардар, Арыстан жігіттері жарыстың алғашқы сәтінен-ақ анық әрі шебер іс-қимылымен көзге түсті. Тактикалық, шабуыл жарыстарында қырағылық танытып, жауынгерлік машықтың мықтылығымен мойындатты.
интершум
Даг Браун, арнаулы жасақ жетекшісі /Канада:
- Мұнда бірінші рет келіп отырмыз Бұл шараға қатысу арқылы біз көп нәрсені үйренеміз. Бұл бейресми әлем чемпионаты. Оны арнайы жасақ олимпиадасы деп атаған жөн.
Жарыс арнайы күштердің бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттырып, әскери дағдыларын жақсартуға мүмкіндік береді. Жоғары шеберлік пен физикалық төзімділік танытқан үздік команда 1 миллион дирхамды қанжығасына байлайды.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Челлендж басталғалы бері арнайы жасақтар төтеден келген оқыс оқиғаларда тосыннан жедел тойтарыс беруге - кедергілерді еңсеру, қарудың барлық түрімен нысанаға дөп тию, кепілге алынғандарды босату, жаралыларды эвакуациялауға дайындығын көрсетіп бағуда. Дубай SWAT Challenge бес күнге жоспарланған, 7 ақпанға дейін жалғасады.
Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Ералы Төлеуіш