АҚШ-та шекара туралы заң жобасы жарияланды

АҚШ-та шекара туралы заң жобасы жарияланды

АҚШ Сенаты американдықтар көптен бері күткен "Шекарадағы қауіпсіздік туралы" заң жобасын жариялады.

Жоғары палата құжатты жуық арада талқылап, дауысқа салуы тиіс. Бірақ Конгрестегі республикашылдар оны сынға алып жатыр.

Қазір американдықтарды экономикадан кейін алаңдататын басты мәселе – бұл иммиграция. Мұны Рейтерстің жүргізген сауалнамасы көрсетіп отыр. 2023 жылы АҚШ шекара қызметі ел аумағына заңсыз кірмек болған 2 миллион мигрантты ұстаған. Республикалық партияның Президентікке басты үміткері Дональд Трамп сайлау компаниясында осы мәселеге басымдық беріп, Байденді сынға алып жатыр. Өкілдер палатасындағы республикашылдар да шекараға жауапты Ішкі қауіпсіздік министрі Алехандро Майоркасқа импичмент жариялауға жақын. Себебі былтыр 3 миллион босқынның миграциялық ісі қаралмаған.  

Майк Джонсон, Өкілдер палатасының спикері:

- Президент Байденнің шекараны кеңінен ашу үшін әдейі жасаған барлық әрекеттері, осы мәселеге қатысты сандар туралы ұзақ айтуға болады. Олардың 64-ін тізіп шықтық. Сондықтан шекарадағы қазіргі дағдарыстың тууына Президенттің миграциялық саясаты мен осы іске жауапты Майорканың заңдарды қатаң сақтамауы себеп болғаны анық. 

Бірнеше ай бойы талқыланған жаңа иммиграциялық заң жобасында пана беру жүйесін бақылауға басымдық берілген. Құжат қабылданса, өз елдерінде саяси қудалауға ұшырағандардың өтініштері жылдам қарастырылатын болады. Олардан шекарада сұхбат алынып, ақпараттың шынайылығы тексеріледі. Ал пана беру туралы шешім қазіргідей көп жылға созылмай, бірер ай ішінде қабылданады. Өтініш талапқа сай болмаса, мигрант еліне депортацияланады.

Айжан Сыдықова, тілші:

- Жаңа заң бойынша шекара қауіпсіздігіне 20 миллиард доллар бөлінбекші. Бұл қаражат баспана беру туралы өтініштерді қарау үшін мыңдаған жаңа қызметкерді, жүздеген шекарашыны қамтиды. Сондай-ақ мигранттар ағынымен күресіп жатқан АҚШ қалаларындағы паналау орталықтары мен қызметтерді қамтамасыз етуге жұмсалады. Егер шекараны заңсыз кесіп өткендер саны 7 күн қатарынан күніне 4000-ға жетсе, президент әкімшілігі депортациялау өкілеттігін пайдалануға құқылы. Ал сол аралықта күніне 5000 адамнан асса, мигранттардан пана беруге өтініштері қабылданбай автоматты түрде елден шығарылады.

Дегенмен Сенаттағы қос партия бұл мәселеде ортақ мәмілеге келгенмен құжат Өкілдер палатасындағы республикашылдардың сынына ұшырап, жобаны талқылау осы аптада өткізілмеуі мүмкін. Себебі республикашылдар  Байденнің ең осал тұстарының бірі деп саналатын мәселеде саяси жеңіске жетуін қаламайды.  

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Мен спикер Джонсонды Сенаттың қазіргі заң жобасына назар аударуға шақырамын. Бізде екі жақты келісім бар. Егжей-тегжейі сәрсенбіде ұсынылады. Бірақ бізге агенттер, адамдар, судьялар жетіспейді. Сондықтан көмек керек. Неліктен оларға көмектескісі келмейді? Енді кенеттен шекара бақылаудан шығып кетті деп жар сала бастады. Өйткені бұл екі жақты заң жобасы маған бақылау күшін береді. Елімізге заңды түрде келетін мигранттарға жол ашып, заңсыз кесіп өтетіндерге тосқауыл қояды. 

Сонымен қатар бұл заң жобасы АҚШ-қа бала кезінде заңсыз келген жүздеген мың адамның осы елдің азаматтығын жылдам алу мүмкіндігін шектеуі ықтимал. Өйткені құжатта бұл мәселені қадағалау да қатаңдатылған.

Айжан Сыдықова