Таяу Шығыста ахуал ушықты
Азық-түлік жетіспей, Газа халқының 25 пайызы аш құрсақ жүр.
Өйткені өңірге гуманитарлық көмек жеткізу шектелген. Оған бірқатар елдің БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету агенттігін қаржыландыруды тоқтатуы түрткі болып отыр. Жуық арада тұрғындарға ас-су жеткізілмесе, тұтас аймақты аштық жайлауы мүмкін деген қауіп бар.
Күйреген қала, ашқұрсақ ана мен жылаған бала. Газа секторының қазіргі күйі осындай. Газадағы қақтығыстың жалғасып жатқанына тура 130 күн толды.
4 айдан астам уақытта жазықсыз жапа шеккен жаралылардың саны 67 мыңға таяды. Ал қаза тапқан палестиналықтар қатары 27 мыңнан асады.
Гази Абу Исса, тұрғын:
- Біз Құдайдан күнделікті «қарулы қақтығыс тоқтаса екен» деп дұға етеміз. Үкімет кедей-кепшіктерге қолдау білдірсе деген тілегіміз бар. 4 ай уақыт өтті, жағдай ушықпаса түзелер емес. Ішерге су, жейтін асымыз жоқ. Шатырдан пана тігіп едік, ол да суға батып кетті. Әйел, бала-шағамыз да су астында қалды. Біздің ешкіміміз, ештеңеміз де қалмады.
Махмуд Әл-Хор, тұрғын:
- Осымен бәрі тоқтатылсын. Біз бейбіт өмірді қалаймыз. Газа аймағынан босып кеткенімізге 115 күн болды. Әр жерде бассауғалап жүріп, денсаулығымызға зақым келді. Әртүрлі ауру бізді айналшықтап жүр.
Бір миллионнан астам палестиналық шатырдан пана тігіп, Рафах лагерін күнелтіп жатыр. Бірақ жағдай кәдімгідей қиын. Аймақты жайлаған аурудан бөлек, халықтың дені аштыққа шалдығып, ажал құшқан.
Ахмед Ән-Нахал, тұрғын:
- Барлық батыс елдері Газа секторындағы бізге қарсы. Бұл қастандық, бұл - өлім жазасы. Егер Палестиналық босқындарға көмек көрсету агенттігі Газа секторындағы жұмысын тоқтатса, біз аштықтан өлеміз. Барша әлем жұртшылығын, БҰҰ-ын біздің жағдайымызды көріп, көмек көрсетуге шақырамын.
Қазір көмек қолын ұсынушы донор елдердің Палестинадағы агенттікті қаржыландыруын тоқтатуы жағдайды тым ушықтырып жіберді. Мәселе агенттік қызметкерлері ХАМАС-қа көмектесті деген айыптаулардан кейін туындаған. Оған ЕуроОдақ ұйымы алаңдаушылық білдіріп, қолдауды доғаруды сынға алды.
Жозеп Боррель, ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:
- БҰҰ-ның Палестиналық босқындарға көмек көрсету агенттігі Газадағы жұмысын жалғастыру керек. ЕуроОдақ елдерінің көбі осылай деп отыр. Қазір оны ауыстыра алатын ұйым жоқ. Ал аймақта ахуал қатты шиеленісіп кеткен. Себебі Израиль тарапы оңтүстік аумақты бомбалауға кірісті. Ал ол жақта бұған дейн әскери қимылдардан қашып бас сауғалаған жүздеген мың тұрғын бар.
Жозеп Боррель агенттіктің бас комиссарын ЕО Даму Кеңесінің келесі отырысына қатысуға шақырғанын мәлімдеді. Ал Байден әкімшілігі Конгресс агенттікті қаржыландыруға тыйым салатын заң қабылдаса, қаражатты Газада жұмыс істейтін басқа гуманитарлық ұйымдарға бағыттаймыз дейді.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева