Сауд Арабиясында әскери дрондардың дүниежүзілік көрмесі өтті

Ғаламдық нарық былтыр дрон сатудан 34 миллиард 500 миллион доллар пайда тапқан.

Ал 2032 жылға қарай кіріс көлемі 101 миллиард доллардан асады деген болжам бар.

Сондай-ақ маркетологтар: «2025 жылы ғаламдық дрон нарығының 71%-тен астамын қорғаныс саласы құрайды», - дейді.

Дүниежүзі бойынша дрон нарығы құрылыс, ауыл шаруашылығы, логистика, құқық қорғау, медиа және ойын-сауық салаларын қамтиды.   

Соғыс дрондарымен әлемге танылған Түркия өздігінен ұшу құралдарын Мысырға сатуға келісті. Бұл ақпаратты түрік елінің Сыртқы істер министрі Хакан Фидан жеткізді. Ал АҚШ Үндістанға 4 миллиард долларға 31 әскери дрон сатқалы жатыр. Келісімді Құрама Штаттардың Мемлекеттік департаменті бекіткен. Енді оны Конгресс қарауға тиіс.

Әскери дрондардың дүниежүзілік көрмесі 

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта әскери дрондардың дүниежүзілік көрмесі өтті. Онда 45 елден келген 750-ден астам компания соңғы үлгідегі өздігінен ұшу құралдарын көрсетті. Дрондардың міндеті сан түрлі. Олар майдан шебінде барлау, бағдарлау, бақылау, белгісіз нысанды анықтау және оқ ату қызметін атқарады. Көрмеде дрондардың соққысына тойтарыс беретін және қарымта шабуыл жасайтын құралдар да таныстырылды.

Дмитри Пиатрин, компания өкілі:

- Бізге негізгі тапсырыс беруші – құрлық әскері. Біздің дрондарымыз 40 шақырым аумақты барлап, 1,5 шақырымдағы нысанға оқ ата алады.

Серхий Скорик, компания өкілі:

- Біз – дронға қарсы құралдар шығаратын Украинадағы ең үлкен компаниямыз. Біздің өнімге 2022 жылдан бастап сұраныс күрт артты. Айына 1 мың құрал шығарамыз.

Хе-Иаң Су, компания өкілі:

- Біздің дрондар 5 шақырым аумақтағы нысанды жоя алады. Оларға радиожиілік сканерлері орнатылған. Ол түсірілген бейнелерді барлық өлшемдер бойынша дәл сараптап береді.

 

Суасты ядролық дроны сыналды

Солтүстік Корея суасты ядролық дронды сынақтан сәтті өткізді. Бұл туралы жергілікті мемлекеттік телеарнаға сілтеме жасаған «Рейтер» агенттігі хабарлаған. Ресми Пхеньян сынақты Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірлескен әскери оқу-жаттығуларына қарсылық ретінде жасаған. Солтүстік Кореяның суасты ядролық дроны «Цунами» деп аталады. Ол су астында жойқын жарылыс жасап, үлкен радиоактивті толқындар тудыра алады.

 

Иран әскеріне жаңа дрондар берілді

Иран әскеріне жаңа дрондар берілді. Өздігінен ұшу құралдары елдің оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс жағасын күзету ісіне жұмылдырылмақ. Қазір Газа секторындағы Израиль әскері мен «ХАМАС» ұйымының арасындағы қақтығысқа байланысты Парсы шығанағындағы геосаяси жағдай қатты ушығып тұрғаны белгілі.

 

АЭС-тің қауіпті бөліктеріне дрон жіберілді

Мамандар дрондарды бейбіт мақсатта да кеңінен пайдаланып жатыр. Жапонияда 2011 жылы болған зілзала, цунами, жарылыстан кейін апатқа ұшыраған Фукусима атом электр станциясының адам кіре алмайтын қауіпті бөліктеріне алғаш рет 4 дрон мен жылан тәріздес робот жіберілді. Осылайша, реактордың зақымданған жерлері мен зардабы анықталып, еріген қатерлі отынды жою жолдары зерттелмек.

Шойчи Шинзава, жұмыс тобының жетекшісі:

- Біз бұл істі алғаш рет қолға алдық. Ең алдымен ядролық реактордың бірінші қабаты тексеріледі. Адамсыз жүретін дрон болса да, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға міндеттіміз.

 

Футболшы дрондар 

Өздігінен ұшу құралдары спорт саласына да кіріп жатыр. Допқа ұқсас дрондар футбол ойнауға кірісті. Тіпті Халықаралық дрон-футбол федерациясы құрылып үлгерген. Кәдімгі футболдан айырмашылығы, қызыл-көк болып 2 топқа бөлінген дрондар өздері ойнап, қақпаға өздері кіруге тиіс. Ереже бойынша топта 5 ойыншы болады. Біреуі – шабуылдашы, қалған төртеуі – қорғаушы.

Сангхуб Ро, Халықаралық дрон-футбол федерациясының президенті:

- Футболшы-дронды жасау үшін зерттеушілер көп жұмыс істеді. Ақыры сәтті жаңа ойын түрі пайда болды. Жобаны таныстырар кезде өз басым қатты толқыдым. Басқа адамдар жақсы қабылдап жатқан сияқты. Қызығушылық өте жоғары.

Шон Гринхалгх, бас нұсқаушы:

- Дрон-футбол добының диаметрі – 40 сантиметр. 4 батареямен жұмыс істейді. Негізі бұл дронды жасы 4-тен асқан балаларға дейін басқара алады. Ең бастысы, оларды дұрыс үйрету керек.

 

200 дрон шоу көрсетті   

Дрондар естен кетпес әдемі көрініс те жасай алады. Мадрид аспанында 200 құрал алты құрлық, Тәж-Махал және Эйфель мұнарасы сияқты әлемге танымал туристік орындардың бейнесін көрсетті. 

АҚШ-тың Авиация әкімшілігі 2021 жылы 873 мыңнан астам азаматтық дронды тіркеуге алғанын айтады. Ал Еуропа әлемдегі бейбіт мақсатта қолданылатын дрондардың 21%-інен өндіреді. Келесі жылға қарай жыл сайын 3 миллион 100 мың дрон шығарылады деген болжам бар. Мына қарқынмен «Дронсыз өмір өмір ме?!» деген жағдайға келетін сияқтымыз.