Әлемде қаңтар айында бұрын-соңды болмаған жоғары температура тіркелді

Кезекті климаттық рекорд жаңарды.

Әлемде қаңтар айында бұрын-соңды болмаған жоғары температура тіркелді. Мамандар бұл табиғи өзгерістің әлі басы екенін айтады. Демек бұл рекорд әлі жаңара түседі. Ең сорақысы, жаһандық климаттың өзгеруімен күресте мемлекеттердің ортақ шешімі жоқ. Ғалымдар соған алаңдаулы.    

2023 адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болып тіркелгеннен кейін мамандар 2024 жыл да рекордтық температуралармен есте қалатынын ескерткен. Айтқандары дөп келді. Өткен айдағы орташа температура 1850-1900 жылдардағы деңгейден 1,66 градусқа жоғары болып шықты. Ақпанның алғашқы күндерінің өзінде де аномальды температуралар тіркелді. Сарапшылар жазда жағдай одан да қиындайтынын болжайды.

Жаһандық климат өзгерісінің салдары

Климаттың өзгеруінің салдары әсіресе Еуропада қатты сезіліп жатыр. Кәрі құрлықтың орталық және оңтүстік бөлігінде қаңтарда күн әдеттегіден жылы, ал Скандинавия елдерінде, керісінше, ерекше суық болды. Испанияда өткен ай 1961 жылдан бері ең ыстық қаңтар боп тіркелді. Елдің шығысындағы Валенсияда ауа температурасы 30 градусқа тақаған. Пиреней түбегінде 2022 жылдан бері қуаңшылық жалғасып келеді. Қазір сол мәселе тіптен ушығып кетті. Каталонияда төтенше жағдай жарияланды. Өйткені өңірдегі Барселонада қаласында қаңтарда суқоймалардағы тіршілік нәрінің қоры 17%-ке кеміген.

 

Климаттың өзгеруімен күрес баяу

Мамандар бәріне климаттың өзгеруі себеп екенін айтады. Сондықтан ауаға бөлінетін зиянды заттар мөлшерін азайту керек, - дейді. Көп мемлекет экологиялық бастамаларын жария еткен. Бірақ ол жоспарларға қол жеткізу жағы қиындап барады. Оған жаһанды жайлаған қымбатшылық себеп. Мысалы, бірнеше күн бұрын Еурокомиссия «жасыл бастамасынан» бас тартты. Негізі әуелде 2030 жылға дейін Еуроодақ аймағында пестицидтердің қолданылуын екі есе азайту керек еді. Бірақ бірнеше елде фермерлер жаппай ереуіл ұйымдастырып, билікке амалсыз көнуге тура келді. Маусымда Еуропарламентке сайлау өтеді. Сауалнама нәтижелері көрсетіп отырғандай, оңшыл партиялар климаттың өзгеруімен күреске бөлінетін қаржыны қысқартуы мүмкін. Ал қарашаға әлемнің бірінші экономикасы АҚШ-та президент сайлауы белгіленген. Онда кезінде елдің Париж келісімінен кетуіне түрткі болған Дональд Трамп та бағын сынайды. Мұның бәрі жаһандық жылынумен күресті қиындатуы мүмкін, - дейді мамандар.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.