Әлемде жыл сайын 500 млн қой сойылады

Кейінгі 50 жылда адамзат 2 есе көбейді.

Ал осы жарты ғасырда ет өндірісі 3 есе ұлғайған. Сонда адам саны артқан сайын желінетін еттің де көлемі өсіп бара жатқанын байқаймыз.

Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметіне сүйенсек, жыл сайын шамамен 500 миллион қой сойылады екен. Cонда әлемде қанша қой бар?

Дүниежүзілік жануарлар қоры арнайы сойғаннан басқа жыл сайын 8 миллионға жуық қойдың арам қататынын жариялады. Олардың 1 миллионы жүнін қырыққаннан кейін 1 айдың ішінде тоңып өледі екен.

Әлемде қанша қой бар?

Әлемде 1 миллиард 176 миллион қой бар. Көшбасында Қытай тұр. Олар 187 миллион қой бағады. Яғни, дүниежүзіндегі ашатұяқтының 16%-ке жуығы көрші елге тиесілі. Екінші орындағы Үндістанда бұдан 2 есе аз. Австралиядағы қой саны үнді елімен шамалас. Ашатұяқты африкалық Суданда 52 миллионнан асады. Ал Иранда 49 миллионға жуықтайды. Осы 5 елде әлемдегі қойдың 37%-і шоғырланған.

 

Адамынан қойы көп елдер

Тағы бір қызық дерек. Зерттеу ұйымдары халық санынан бірнеше есе көп қойы бар елдердің тізімін жариялады. Алғашқы бестікті Ұлыбританияға қарасты Фолкленд аралдары бастап тұр. Құрлықта 3,5 мың ғана адам бар. Ал қойдың саны 700 мыңнан асады. Сонда бір адамға 200 қойдан келеді. 5 миллион халық тұратын Жаңа Зеландия 38 миллион 400 мың қой бағады. Яғни, 1 тұрғынның еншісіне 7 қой бұйырады деген сөз. 3 миллион 300 мың азаматы бар Моңғолияда 14 миллион 800 мың қой жайылады. Бір адамның еншісіне 4,5 қойдан тиеді. Ал Австралия мен Уэльстің 1 азаматына 3 қойдан ұстауға мүмкіндік бар. 

Мал ашуы – жан ашуы  

27 елді біріктірген Еуропада қазір 59 миллион қой бар. Былтыр бұдан 2%-ке көп болған. Кейінгі кездері «кәрі құрлықтың» қойшылары шамданғыш болып алған. Өйткені Еуроодақ билігі климат өзгерісіне қарсы күресті желеу етіп, қой шаруашылығын субсидиялауды азайтуға кіріскен. Есесіне шетелден арзан қойдың етін алдырып жатыр. Тракторға мінген мыңдаған малшы Еуропарламент орналасқан Брюссельге дейін барды. Ашынған бақташылар полициямен жаға жыртысты.

Шарлин Тарамарказ, қой шаруашылығының өкілі:

- Ет жейтін тұрғындарды шаруа қожалықтарымызға шақырамыз. Қой бағудың бейнетін өз көзімен көрсін. Сонда мал етінің қандай құнды екенін білер еді. Бізге арзанға сату тиімсіз. Ет импортын тоқтату керек.

 

Еуропа топырағы тозып барады

Еуропа қойшыларына қысым билік тарапынан ғана жасалып жатқан жоқ. «Кәрі құрлық» топырағының 70% жуығы тозып кеткен. Бұл туралы басқа емес, Еурокомиссия басшысы мәлімдеді.

«Құнарлы топырақтың арқасында біздің шаруалар көп өнім алып, қыруар пайда тауып келген еді. Бірақ қазір Еуропа жеріндегі топырақтың шамамен 70%-і құнарсыз болып қалды. Еуропалық шаруалар тығырыққа тірелді», –  Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия төрағасы.

Жалпы Біріккен Ұлттар Ұйымы бүкіл әлемдегі топырақтың 33 пайызы құнарынан айырылғанын айтады. Ал азық-түлікке деген сұраныс жыл өткен сайын өсіп келеді. Сондықтан сарапшылар ауыл шаруашылығы өндірісін 2050 жылға қарай 60 пайызға арттыру керек дейді.

 

Жұт жеті ағайынды  

Мамандар: «қойдың обалы ғаламдық жылынуда», - дейді. Әлемді құрғақшылықтың жайлағанына бірнеше жылдың жүзі болды. Испанияның оңтүстігіндегі Андалусия аймағында қуаңшылықтың кесірінен жерге шөп шықпай қалды. Күн қатты ысып, бір тамшы жаңбыр жаумай, өзен-сулар тартылған.

 

Қызыл теңізбен қой тасу қиындады  

Геосаяси жағдай да қой шаруашылығын тығырыққа тіреді. Хуситтер қайта-қайта шабуылдап жатқан Қызыл теңіз арқылы Израильге 14 мың қой апара жатқан Австралия компаниясы қайтуға мәжбүр болды. 5 қаңтарда жолға шыққан саудагерлер 1 айдан астам уақыт теңізде тұрып қалған. Қой маңырап, есі шыққан олар енді қоғам алдында ақталып әлек. Оларды жануарлар құқығын қорғаушылар сотқа берген.

Ребекка Тап, жануарлар құқығын қорғаушы:

- Қойлар 1 ай бойы теңіздегі контейнерде қамауда тұрды. Таза ауаның жетіспеуі, ыстық, лас жерде тұру малды қиын жағдайға түсірді. Мұндай әрекет адамшылыққа жатпайды.

Адам Феннесси, ауыл шаруашылығы департаментінің хатшысы:

- Біз малға жақсы қарап жатырмыз. Қадағалауды күшейту үшін қойдың қасында күні-түні болатын арнайы мал дәрігерін бөлдік. Қоғамның алаңдаушылығын түсінуге болады. Бірақ біздің кәсібилігімізге күмәнданудың еш реті жоқ.

 

Ягуар алыс болса, қой аман  

Қазақ қойшысы қасқырдан қорықса, Бразилиядағы бақташы ягуардан қауіптенеді. Малшылар отар-отар қой жайылатын аумақты электрлі шарбақпен қоршап тастаған. Әзірге бұл әдіс жақсы жұмыс істеп тұр. Жыртқыш қоршауға жақын келгенімен, бері өте алмай, қор болып жүр.

Иә жыртқыштың ойлағаны – арамдық, қойдың ойлағаны – амандық. Әйтсе де, әлемде қой өндірісі төмендеп барады. Мәселен, көрші Ресейде осыдан 7 жыл бұрын 22 миллионнан астам ашатұяқты болса, қазір бұл сан 3,5 миллионға қысқарған. Ал алдыңғы қатардағы Австралияда қой өндірісі 2021 жылы 6,5 миллиард долларды құраса, биыл сатылым 4,5 миллиардқа азаяды деген болжам бар.