Кореяда айдаһар жылы басталды
Осылайша Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ай күнтізбесі бойынша жаңа жылды қарсы алды.
Соллаль мерекесіне орай оңтүстік кореялықтар 4 күн демалады. Мереке қалай тойланып жатыр?
Оңтүстік Кореяда ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды тойлау кезінде кептелістің болуы дәстүрге айналған. Өйткені бір мезетте 5 миллионнан астам көлік жолға шығады. Мерекеге асыққан халық бір сағаттап кептелісте тұрады. Үкімет жүргізушілерді қуантып, ақылы жолдарды тегін етті. Осылайша көлік нөпірін азайтпақ.
Жаңа жылда ауылға барып, туыстарын құттықтайтын қалалықтардың саны азайған. Оның бір себебі тұрғындар отау құруға асықпайды. Қоғамда бойдақтар және бір баламен шектелетін отбасылар көбейген.
Ли Сун Дже, мәдениет орталығының қызметкері:
- Жаңа жыл мерекесінде бізге ауыл тұрғындары жиі келе бастады. Жастар қазірдің өзінде дәстүрді ұмытып барады, технологияның дамуымен олар күні бойы ұялы телефон қарауды жөн көреді. Сондықтан негізінен балаларға арналған іс-шаралар болды. Мысалы, кішкентай айдаһарлар мен дәстүрлі маскалар жасап, халық ойындарын ойнадық.
Ли Сан Хо мен Галина Алимованың отбасында жаңа жылды тойлаудың барлық дәстүрлері сақталды. Таңертең міндетті түрде токкук деп аталатын күріш тұшпарасы қосылған сорпа дастарханда болуы тиіс. Бұл тағам сәттілік әкеледі деген ырым бар. Одан кейін отбасы мүшелері ютнори корей халық ойынын ойнайды. Балалар үлкендерге бас иеді. Соңғылары оларға ақша береді. Сан Хо мен Галина Сихында тұрады, бірақ Соллальда олар әрқашан Пуан қаласына яғни отағасының туған жеріне барады.
Ли Сан Хо, Сихын қаласының тұрғыны:
- Әкем өз әулетте ең үлкені болғандықтан әдет бойынша Пуандағы қара шаңыраққа біздің туыстарымыздың үш ұрпағы түгел жиналды. Кейде 100-ге дейін адам келетін. Олар үлкендерге тағзым етіп, ата-бабаларын еске алды. Біз орта таппыз, бірақ тату-тәтті өмір сүрдік. Қазір көп әже ауылда жалғыз тұрады, олардың балалары шетелге кеткенді жөн көреді.
«Хана-тур» туристік компаниясының мәліметінше, жаңа жыл мерекесі кезінде шетелге сапар былтырмен салыстырғанда 106 пайызға артқан. Оңтүстік Кореядан шыққан туристердің көпшілігі көрші Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде демалады.
Владислав Цой, Ольга Лян