Байденнің есте сақтау қабілеті нашар ма?
АҚШ-та Президент Джо Байденнің былтыр құпия құжаттарды сақтауымен байланысты жүргізілген тергеу аяқталды.
Арнайы прокурор Роберт Гур мәселеге қатысты баяндама жасап, Ақ үй басшысы тергеуге көмектескені үшін қылмыстық іс қозғалмайтынын мәлімдеді. Кейін Байденнің өзі де баспасөз мәслихатын өткізіп, мән-жайды түсіндірді.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Джо Байден 2017 жылы вице-президенттіктен кеткен кезде құпия құжаттарды әдейі алып тастағаны үшін айыпқа тартылмайды. Бұл туралы арнайы прокурор Роберт Гур мәлімдеді. Сондай-ақ, Байденнің 2024 жылғы президенттік сайлауындағы басты қарсыласы Дональд Трамптан айырмашылығы, аса құпия құжаттарды дұрыс пайдаланбағаны үшін түрмеге қамалмайтыны белгілі болды. Бірақ Байденді «есте сақтау қабілеті нашар егде адам» деп сипаттады. Бұл АҚШ-тың 81 жастағы ең қарт президентінің шамына тиді. Ол сайлаушыларды тағы төрт жыл қызмет ете алатынына сендіруге тырысты.
Джо Байден, АҚШ Президенті:
- Арнайы адвокат бұл іс пен Трамп мырзаның арасындағы айырмашылықты айқындап берді. Мен оның сөзін келтіремін, Байден қудаланбау үшін құпия құжаттарды қайтарды, ал Трамп керісінше жасады. Айыптау қорытындысына сәйкес, ол бірнеше ай бойы құжаттарды қайтарудан бас тартып қана қоймай, дәлелдемелерді жою үшін басқаларды жалдап, кейін өтірік айтып, сот төрелігіне кедергі келтірген. Менің құпия құжаттарды Ұлттық мұрағат пен Әділет министрлігіне тапсырғаным, үйімді қоса алғанда тінтуге келісім бергенім, өз еркімен жауап алуға (допрос) келіскенім және тергеушілермен ынтымақтасқаным туралы айтылды.
Алайда арнайы прокурор Гурдың айтуынша, Байденнен сұрақ-жауап алғанда ол қай жылдары вице-президент болғанын, тіпті туған үлкен ұлы қай жылы қайтыс болғанын ұмытып қалған. Президенттің заңгерлері оның есте сақтау қабілетіндегі кемшіліктер туралы ескертулерді сынға алды. Ал қарсыластары көп ұзамай пікірлерін білдірді. Мысалы, Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон X әлеуметтік медиа платформасында «баспасөз конференциясы Арнайы прокурордың баяндамасындағы сөздерді растады. Ол президенттік қызметке жарамсыз екенін» жазды. Дегенмен саясаткер ақыл-есі дұрыс екенін шегелеп айтты.
Джо Байден, АҚШ Президенті:
- Менің ниетім тузу, мен қариямын, не істеп жатқанымды білемін. Мен президентпін, бұл елді аяғына тұрғыздым. Осы лауазымға келгеннен бері қандай істер атқарғанымнан-ақ, есте сақтау қабілетімнің жақсы екенін көре аласыздар.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Америкалықтардың күдігін Джо Байден де растай түсті. Ол байқаусызда Мысыр басшысы Абдул Фаттах әл-Сисиді «Мексика президенті» деп салды. Сауалнама бойынша президенттің жасы қараша айында өтетін саяси дода қарсаңында АҚШ сайлаушыларын алаңдатып отырғанын көрсетті.
Авторы: Айжан Сыдықова