Мәскеулік оқушы пластикті жоюдың әдісін тапты

Пластик қалдықты балауыз көбелегінің күйесімен қайта өңдеуге болады.

Тың әдісті мәскеулік Юрий Мельников есімді жетінші сынып оқушысы ойлап тапты. Жеткіншек зерттеуді 4 жыл бұрын бастаған. Көп ұзамай жәндіктің тез көбейіп, ара ұяларынан балауызды ғана емес, полиэтиленді де сіңіретінін байқаған. Айтуынша бір келі күйе 40 күнде 5 келі полиэтиленді жеп тауыса алады. Яғни 3 миллион күйе Мәскеуде жыл бойы жиналатын қалдықты түк қалдырмай кеміріп, жойып жібереді. Жеткіншектің жобасына Сколков ғылым және технологиялар институты қызығушылық танытып отыр. Ғалымдар бұл экологиялық жаңалықтың болашағы зор дейді. Орталық осы тәсілмен бірқатар жоба дайындауға кірісті.

Юрий Мельников, жоба авторы:

- Ғалымдардың арнайы зерттеулерінен микропластиктің тірі организмдерге әсері барын және белгісіз тірі ағзаның полиэтиленді қайта өңдей алатынын білдік. Содан осы организмді тауып, зерттеу жүргізіп көрдік. Нәтижесінде полиэтиленнің оған кері әсері жоғын байқап, пластик қалдықтарды қайта өңдеу жұмысына пайдалануға болатынын анықтадық. 

Александр Чеканов, Сколков ғылым және технологиялар институтының инкубациялық бағдарламалар жөніндегі жетекшісі:

- Біз өндіріс саласының тапсырыс берушілері үшін бірнеше ұсыныс әзірлеп жатырмыз. Мысалы, қайта өңдеуге жатпайтын жапсырмалары бар полиэтилен пакетті жою жобасын айтуға болады. Ол компанияларға осындай қалдықтарды өнеркәсіптік ауқымда өңдеуге мүмкіндік береді.