Microsoft Германияға $3,5 млрд инвестиция салады
Америкалық алып Microsoft компаниясы әлем елдерінде жасанды интеллект саласын қаржыландырып, жаңа дәуірдегі технологияны дамытуға күш салып жатыр.
Бұған дейін Франция, Ұлыбритания, Қытай, Жапония, Бразилия сынды елдерге инвестиция құйып, жүйені жаңғырта түсті. Енді алпауыт компания Германияны қаржыландыруға ниетті.
Технологиялық алпауыт Microsoft алдағы екі жылда Германияға 3,5 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы құймақ. Бұл – соңғы 40 жылда корпорация тарапынан немістерге салынған ең ауқымды инвестиция. Қаражат жасанды интеллект бағдарламасы бойынша 1 миллионнан астам адамды оқытып, аймақтағы кванттық есептеу саласын дамытуға жұмсалады.
Брэд Смит, Microsoft компаниясының президенті:
- Microsoft корпорациясы 2024, 2025 жылдары, яғни екі жыл ішінде Германияға 3,2 миллиард еуро инвестиция салады. Біз бұл қаражатты екі мақсатқа жұмсаймыз. Алдымен, жасанды интеллект инфрақұрылымы мен елдегі деректер орталығының қуатын екі есе арттыруға жұмсалады. Екіншіден, Германия тұрғындарын жасанды интеллект бойынша оқыту бағдарламаларымен қамтуды жоспарлап отырмыз.
Германия канцлері Олаф Шольц Microsoft корпорациясының инвестициялық қолдауын бірден құптады. «Өйткені жаһанды заманауи технология билеген дәуірде жаңашылдықтардан қалыс қалмау керек», - дейді ол.
Олаф Шольц, Германия канцлері:
- Бұл жаһандық ашықтық, заманауи прогресс пен алға ұмтылу, мақсатты өсу жағынан өте жақсы ұсыныс. Сондықтан мүмкіндікті жібермеу керек. Құптауға тұрарлық іс.
Адамзат өркениетінде дәурені жүріп тұрған жасанды интеллект барлық бағыт бойынша тиімділігін көрсетті. Енді Microsoft жүйені фармацевтика мен энергетика саласында да кәдеге жаратуды жоспарлап отыр.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева