Францияның Ментона қаласында дәстүрлі лимон фестивалі басталды
Биылғы іс-шара жазда елде өтетін Олимпиада ойындарына арналған.
Сондықтан инсталляцияның барлығы дүбірлі дода нышандарына сай безендірілген. Кезінде Ментона қаласы Еуропа бойынша лимонның ең ірі өндірушісі болатын. Фестивальдің бұл шаһарда өтуі де осыдан. Бірақ кейінгі кездері өндіріс көлемі айтарлықтай азайған. Сондықтан іс-шараға қажетті цитрус жемістері көрші Испаниядан әкелінген. Фестиваль 2 аптаға жалғасады. Ұйымдастырушылар биыл оған 200 мың турист келеді деп күтіп отыр.
Кристоф Гиена, фестивальдің техникалық директоры:
- Бұл фестивальді ұйымдастыруға 140 тонна цитрус жемістерін қолдандық. Біз іс-шара жалғасатын екі апта бойы олардың бүлінбей сақталуын қамтамасыз етеміз. Кейін фестиваль аяқталғаннан кейін жемістерді сатамыз.