Ауа райы. Қытайда жағдай күрделі

Қытайда ауа райы күрт нашарлап, мыңдаған жолаушы жолда қалды.

Әсіресе елдің солтүстігі мен солтүстік батыс бөлігінде жағдай күрделі. Ақтүтек боран соғып, қардың қалыңдығы 2 метрге дейін жеткен. Теміржолдарға зақым келіп, әуе рейстері шегерілді.

Сонымен қатар құмды дауыл тұрып бірнеше қала мен ауданды шаң басты. Қоғамдық көліктердің қозғалысы шектелді.

Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономдық ауданы, Шэньси, Ганьсу провинциясында жағдай күрделі. Ауа райының қолайсыздығынан кейбір аймақтарда ескертудің қызғылт сары деңгейі жарияланды. Бұл жергілікті халық үшін аса қауіпті болып тұр. Себебі дәл қазір жұрттың көбі Шаған мерекесін тойлау үшін жолда жүр. Туған-туыстарын аралап демалуға шыққан тұрғындар үйлеріне орала алмай жатыр. Бұрқасын боран салдарынан күре жолдар жабылды. Жауған қардың қалыңдығы 2 метрге дейін жетті.

Көлік қозғалысы қиындап, ондаған шақырымдық кептеліс қалыптасты. Жолда 12 мыңнан астам көлік тұрып қалды. 32 мыңдай адам қауіпсіз жерлерге орналастырылды. Кейбір таулы аймақтарды қар көшкіні жүріп көліктерді басып қалды. Қар астынан мерекеде жолға шыққан туристер құтқарылды. Ішінде балалар бар. Жергілікті жерлердегі құтқарушылар, азаматтық қорғаныс, жедел

жәрдем қызметкерлері құтқару шараларына жұмылдырылды. Қазір қытай билігі ішкі Моңғолия автономдық ауданында өтіп жатқан қысқы ұлттық ойындарға алаңдап отыр. Ол жаққа елдің түкпір-түкпірінен 4 мыңға жуық спортшы

жиналған. Ауа райының қолайсыздығы спортшылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан синоптиктер ауа райын тәулік бойы бақылауға көшті.

Ван Ин, метеорологиялық болжамдар қызметінің жетекшісі:

- Антициклон бағыты құбылып тұр. Арнайы кезекшілік жасалды. Мамандар сағат сайын арнайы құрылғылардың жұмысын қадағалайды. Ауа райы кез келген уақытта өзгеруі мүмкін. Бұл жағдай 22 ақпанға дейін жалғасады. Одан кейін біртіндеп басылуы тиіс. Алдын ала хабарлап болжам нәтижесін уақытылы жеткізуге тырысып жатырмыз.

Цинхай метеорологиялық бюросының мәліметі бойынша, Қытайдың солтүстік-батыс провинциясының көптеген аудандарында температура 25 градусқа дейін төмендеген. Қар көшкіні жүру қаупі басым. Сонымен қатар ұйтқып соққан жел жығылғанға жұдырық болып тұр.

Мамандар Шыңжаңдағы желдің күші Тайфун масштабына жеткендігін айтуда. Осының салдарынан құмды дауыл көтеріліп Ганьсу мен Шыңжаңдағы бірнеше қаланы шаң басты. Жолдар көрінбей қозғалыс тоқтады. Жергілікті жердегі билік өкілдері құтқару, қар мен мұзды тазарту, ескерту жұмыстарын 24/7 режимінде істеп жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, «24.KZ», ҚХР