Таяу Шығыс. Қару құндағында туған сәби
Газа секторындағы ауруханалар апатты жағдайда тұр. Оған Израиль тарапының үздіксіз шабуылы себеп.
Жалғыз перзентханада дәрігерлер өлім мен өмір арасында күресіп жүр.
Газа секторында жұмыс істеп тұрған жалғыз әл-Хелал әл-Эмират перзентханасында 77 нәресте жатыр. Дәрігерлер орын жетіспегендіктен 1 адамға ықшамдалған инкубаторға 4 сәбиді қатар жатқызуға мәжбүр. Оның ішінде шала туған шақалақ та, дені сау жарты айлық сәбилер де бар.
Диаа Әбу Квайк, дәрігер:
- Шала туған бала мен жарты айлық баланы бірге жатқызуға болмайды. Бұл өте қауіпті. Түрлі ауру тарауы әбден мүмкін. Ал оларды арнайы құрылғыға жатқызбасақ тағы болмайды. Бірақ басқа амалымыз жоқ.
Ана сүті бойына дарымаған шақалақтарды түрлі ішек аурулары жиі мазалайды. Ол инфекцияға ұласып, шетінеп те жатқандар көп.
Диаа Әбу Квайк, дәрігер:
- Бірінші кезекте дәрі-дәрмек жетіспейді. Екіншіден, ана сүтін алмастыратын сүт езбелері де таусылуға жақын. Оның үстіне жас ана босанғаннан кейін денесін де, сәбиін де жылы ұстау керек. Ал халықтың тұрақты баспанасы жоқ. Шатырлардан өткен сыз, ана мен бала үшін өте қауіпті.
Дәрігерлер аштық алқымнан алмаса, бомба төбемізден төпелемесе аналарды босандыру қиын емес дейді. Қиыны босанғанға дейінгі және кейінгі жағдай. Жас аналардың көбі күйзеліске ұшыраған.
Сухад Матар, Газа секторының тұрғыны:
- Босанғаннан кейін қандай қиын жағдайға кезігетінімді жақсы білемін. 9 ай құрсағымда көтердім. Соңғы айлар қорқынышты түстей. Сәбиімнің осындай жағдайда дүниеге келетіндей не жазығы бар еді?!
Газаның солтүстігінен оңтүстігіне бас сауғалаған халықтың соңғы үміті – Рафах қаласы. Ал Израиль тарапы бұл аймақты да жермен-жексен етуге дайын екенін жасырмайды. Әсіресе ауруханаларға жасалған шабуыл күннен-күнге үдеп барады.
Фариза Жанғанаева, «24.KZ»