Хуситтер британдық кемеге шабуылдады

Аден шығанағында Йемен хуситтері британдық Rubymar жүк кемесін шабуылдады.

Су көлігі істен шыққан. Бұл туралы топтың әскери өкілі Яхья Сареа хабарлады. Оның сөзінше, жүк кемесі Сауд Арабиясына әскери қару-жарақ жеткізбек екен. Ал кеме қожайыны бұл пікірді жоққа шығарды. Өйткені транспорт астық тасымалдайды. Сарапшылар бұл әрекет аймақтағы кеме қатынасына үлкен қауіп төндірді дейді. Жуық арада өңірде шиеленіс күрделене түседі деген болжам жасады. Қазір халықаралық қауымдастық соңғы жағдайға қатысты зерттеу жұмыстарын күшейтті.

Яхья Сареа, хуситтердің әскери өкілі:

- Әскери операция кезінде жүк кемесі жапа шегіп, қозғалысты тоқтатуға мәжбүр болды. Қазір оның Аден шығанағында батып кету қаупі бар. Бірақ біз шабуыл барысында кеме экипажын қауіпсіз жерге шығардық. олардың өміріне қауіп жоқ.

Үнді шаруалары көтерілісті уақытша тоқтатты

Үндістанның Пенджаб және Хариани шекарасында шерулеткен шаруалар көтерілісті уақытша тоқтатты. Олар үкімет ұсынған 5 жылдық минималды бағаны қолдау жоспарынан соң осындай шешімге келген. Құжатта бұршақ, жүгері және мақта өнімдерінің құнын төмендетіп, кепілдендірілген қолдау көрсетілетіні баяндалған. Енді шаруалар Одағы жоспарды толыққанды зерттеп барып шешімге келетінін мәлімдеді.

Сарван Сингх, жергілікті фермерлер одағының бас хатшысы:

- Біз бұл ұсынысты бүге-шігесіне дейін зерттеп, заң кеңесшілері мен ауыл шаруашылығы мамандарының пікірімен санасуды жөн көрдік. Әзірге биліктің бұл жоспарын өзара талқылаймыз. Сондықтан Делиге ұстанған бағытымызды кейінге шегере тұрамыз.

Қытайдың солтүстігінде күн суытты

Қытайдың солтүстігінде аяз күшіне мінді. Аймаққа қалың қар түсіп, дауылды боран соққан. Әсіресе Шыңжаңда жағдай қиын. Өңірде қозғалыс шектеліп, әуе рейстері кейінге шегерілген. Білім ордалары жұмысын уақытша тоқтатты. Полиция қар құрсауында қалған жолаушылар мен автокөлік жүргізушілерін эвакуациялап, қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Билік тұрғындарды қажеттілік болмаса сыртқа шықпауға шақырды. Ал метереологтар болса қолайсыз ауа райының бейсенбіге дейін жалғасатынын ескертті.

Әсия Нұрлыбаева