Қаңтар – әлем тарихындағы ең ыстық ай
Жер шарында қаңтар айы ең ыстық маусым ретінде тіркелді.
ЕуроОдақ ғалымдары зерттеу нәтижесінен кейін осындай тұжырымға келген. Соңғы рет қаңтардағы қатты ыстық осыдан 4 жыл бұрын тіркелген екен. Оған эль-Ниньо құбылысы себеп,- дейді сарапшылар. Ыстық ауа райының кесірінен кей елдерді құрғақшылық қыспаққа алса, енді бір аймақта алапат тасқын мен тілсіз жау талай адамды апаттың құрбаны етті. Ал Арктиканың өзінде биыл қар жоқ. Бұл алаңдатарлық жағдай.
Халықаралық метеорологиялық ұйымның мәліметінше, мұндай ыстық сәуір айына дейін жалғасады. Климатологтар биылғы жылға болжам жасауға дайындық үстінде.
«Коперник» климатты бақылау қызметінің мәліметінше, 2023 жер шарындағы ең ыстық жыл ретінде танылды. Биыл да әлемде бұл үрдіс жалғасып, күннің аптап ыстығы әлі де басылмай тұр. Ал мұндай рекордтық температура рекордтық шығындарға әкеледі дейді ғалымдар. Оған негізінен көмірқышқыл газы мен зиянды қалдықтардың атмосфераға шамадан тыс бөлінуі мен Эль-Ниньоның табиғи құбылысы көбірек әсер етеді. Соның салдарынан Тынық мұхитының экваторлық бөлігі өз қалпынан 3 градусқа дейін қыза түседі. Нәтижесінде әлем әдеттегіден қатты ыстыққа, су тасқыны мен құрғақшылыққа, дала өрттеріне жиі тап болады.
Лиз Бентли, метеорологиялық ұйымның профессоры:
- Біз әлемдегі құрғақшылық пен аптап ыстықтың ұзаққа созылып, күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз. Орташа жаһандық температураның бір ғана градусқа көтерілуі, атмосферадағы ылғалды шамамен 7%-ға дейінарттырады. Бұл жауын-шашынның күшеюіне әсер етіп, су тасқынын туғызады. Қазір бүкіл әлем табиғи апаттармен күресуде.
Малкольм Маккалок, Шығыс Австралия университетінің теңіз геохимигі:
- 2024 жылдың алғашқы айында Цельсий бағамы бойынша температура 1,8 градусты көрсетті. Яғни, өз қалпынан 1,5 градусқа дейін артқан. Температурадағы өзгеріс біз ойлағаннан да жылдам. Бұл алаңдатарлық жағдай. Мұның соңы болашақта үлкен қауіп туғызуы мүмкін. Мәселені шешудің жалғыз ғана жолы – көмірқышқыл газы қалдықтарын дереу тоқтату.
Тау бөктеріне қар түспеген
Италия таулары жап-жасыл қалпында. Құдды қыс болмағандай. Әдетте қараша мен мамыр айларында ақ ұлпаға оранып жататын Болонье бөктеріне биыл мүлдем қар түспеген. Италиялық атмосфера және климат институтының мәліметінше, Болоньеде 1800 жылдан бері мұндай ауа райы алғаш тіркеліп отыр. Тым ыстық температура жауған ақ ұлпаның жылдам еріп, мұздықтардың жоғалуына әкелуде. Бұл аймақтағы тау-шаңғы саласына шығын келтіреді. Кәсіпкерлер жасанды қар пайдаланып, амалдап отыр. Бірақ мұның өзі еріп кетуі мүмкін. Тау-шаңғы курорты тоқтаса, экономика төмендеп, туризмнің тұралап қалу қаупі бар дейді сарапшылар.
Фабрицио Де Блази, Италия полярлық ғылым институтының ғалымы:
- Егер қар болмаса, онда мұздықтарға қауіп орасан. Тек 2250 метрден жоғары биіктікте ғана қар аздап жауған. Бұл өте күрделі жағдай. Өйткені қар алдымен, мұздықтарды сақтауға қызмет атқарады. Су қорына тікелей әсер етеді.
Марчелло Квинтилиан, сноуборд операторы:
- Бізде үнемі бұл кезеңде қар мол түсетін. Тау-шаңғымен айналысу дәл мұндай қиындық туғызбаған. Биыл қар жеткіліксіз болды. Егер жағдай осылай жалғасса, жоғары температурамен күрес қиындамақ. Біз жинайтын ақ ұлпа ыстықпен бірге еріп кетеді.
Аптап ыстықтан мыңдаған адам өлім құшқан
Отводка. Ыстық ауа райы табиғи құбылыстарға ғана емес, адам өліміне де әкеп соғуда. Францияда былтыр 5 мың адам жоғары температураның кесірінен көз жұмған. Бұл туралы елдің ұлттық денсаулық сақтау агенттігі мәлімдеді. Жаз айларында емдеу мекемелерінің қызметіне сұраныс артып, шұғыл медициналық көмекке өтініш білдіргендер саны 20 мыңнан асқан.
Цитата: Каролин Семай, Франция Ұлттық денсаулық сақтау агенттігінің директоры:
- Бұл деректер арқылы аумақтық деңгейде климаттың өзгеруіне бейімделу стратегиясын күшейту қажет екенін аңғарамыз. Біз осы жазда ең ауқымды халықаралық Олимпиада ойындарын өткізгелі отырмыз. Экстремалды ыстыққа байланысты мониторинг қызметі бұл мәселені назардан тыс қалдырмайды.
Ақ аюлар аштыққа ұшырауы мүмкін
Жаһандық жылынуға жануарлар да төтеп бере алмайды. Арктикадағы ақ аюлардың қарсыз, мұзсыз маусым кезінде аштыққа ұшырау қаупі зор. Бұлай деп әлем ғалымдарының Nature Communications журналына жариялаған зерттеу жұмысында баяндалған. Жануардың осал тұсы – мұзсыз маусым. Өйткені мұздан олар негізгі қорегі, итбалықтарды аулайды. Ал мұз қабатының азаюы аюдың азық алу мүмкіндігін шектейді. Соның кесірінен олар әлсіреп, салмақ жоғалтуы мүмкін. Бұлай жалғасса, аштыққа шалдығатын түрі бар.
Энтони Пагано, АҚШ геологиялық қызметінің жабайы табиғатты зерттеуші биологы:
- Біз жас аюлардың ересегіне қарағанда аштыққа ұшырау қаупі жоғары екенін анықтадық. Олар ересек аю сияқты итбалықтарды аулауда аса тәжірибелі емес. Мұзы жоқ құрлықта олардың аман қалуы екіталай.
Климаттық өзгерістің тіршілік атаулыға тигізер зияны мен қаупі орасан. Мұның алдын алудың бір ғана жолы – парниктік газ қалдықтарын бөлуді азайту екенін ғалымдар қайталаудан шаршамайды.