Боливияда су тасқынынан 33 адам көз жұмды
Боливия астанасында толассыз жауған жауын су тасқынына ұласып, көшкінге әкелді.
Соның салдарынан 33 адам опат болды. Мыңдаған тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Өйткені үйлерді су басқандықтан тұруға жарамайды. Жергілікті билік Ла-Паста қауіптің қызыл деңгейін жариялады. Барлық жол-көлік қатынасы тоқтатылды. Метеорологтардың болжамы бойынша жауын-шашын апта соңына дейін жалғасады.
Иван Ариас, Ла-Пас қаласының мэрі:
- Қазір су тасқынының салдарынан біраз ауданды су шайып кетті. Оның үстіне тас жолдың айналасындағы жерлер опырылып жатыр. Ойықтардың тереңдігі 3 метрден асады.
Эквадорда жолдар опырылып түсті
Қатты жауын Эквадор тұрғындарын да әуреге салды. 2 мыңнан астам адам жарықсыз, жылусыз отыр. Эль-Оро провинциясындағы негізгі көпір қирап, жол қатынасында біраз кедергі туындаған. Жергілікті билік тұрғындарға көшеге шықпауға ескертті.