Еуропада үй салу тиімсіз

Әлемдік тұрғын үй нарығы дағдарыстан арылмай тұр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, дүниежүзінде шамамен 1 миллиард 600 миллион адам лайықты баспанада тұрмайды. Жыл сайын 15 миллион кісі тұрып жатқан үйінен күшпен қуылады екен. Бұған не себеп?

Тұрып жатқан үйінен қууға кедейлік пен теңсіздік себеп. Бірақ ЕуроОдақтың есебіне сүйенсек, «кәрі құрлықта» үйі жоқ 4 миллион 100 мың адам бар болса, 11 миллион жаңа баспана босқа тұр.

Баспана дағдарысы Еуропаны да жайлап алды. 2025 жылға қарай «кәрі құрлықта» көптеген елінде тұрғын үй салу қарқыны төмендегелі тұр. Бұған бірнеше себеп бар. Құрылыс материалдарының бағасы удай. Жылжымайтын мүлік нарығына инвестиция құю қазір тиімсіз дейді сарапшылар. Оның үстіне, құрылысшылар тапшы. Бүкіл Еуропаға қазірдің өзінде 2 миллион 700 мың жұмысшы керек. Бұл Халықаралық сауда одағы конфедерациясының мәліметі. Бір ғана Германияның өзінде тұрғын үй салу көрсеткіші 32 пайызға кемімек.

АҚШ-та үй аз салынады

Әлемнің ең қуатты экономикасына ие АҚШ-тағы жағдай да мәз емес. Елде қаңтар айындағы мәлімет бойынша, жаңадан салынатын үйлер саны 15 пайызға төмендеген. Ал құрылыс салуға берілген лицензия көлемі 1 жарым пайызға кеміген. Бұл туралы АҚШ-тың сауда министрлігі мәлімдеді. Мамандар климат өзгерісі түрлі табиғи апатты көбейтіп, үйлерді қирату немесе жарамсыз қылу жиілегенін айтады. Кентукки штатында 2022 жылы соққан жойқын торнадо салдарынан ондаған адам өліп, мыңдаған үй қираған болатын. Содан бері арада 2 жыл өтсе де баспанасыз америкалықтар әлі уақытша жерде тұрып жатыр.

Стивен Бойкен, жергілікті тұрғын:

- Баспана бағасы аспандап кетті. Біздің аудандағы тұрғындардың 70 пайызы торнадоның кесірінен үйінен айырылды. Шын мағынасында, далада қалды. Бәрі үй жалдап жүр. Ипотека ала алмайды не ақша жинауға шамасы жоқ.

Түркияда тұрғын үй нарығы тұралады

«Ғаламдық жылжымайтын мүлік» порталының зерттеуі бойынша, ең қымбат үйлер Түркияда. Бауырлас елдегі баспана ақысы 41 пайызға дейін жетті. Әсіресе Анкара, Ыстамбұл және Измир сияқты ірі қалалардағы үйдің құны күрт көтерілген. Орташа баға 106 мың доллардан кем емес. Дағдарыстың бір себебі - арматура 41, бетон 134, ал цемент 147 пайызға қымбаттаған. Екіншіден, жер телімін сатып алу ақысы өсті. Бұл баға Анкарада 92, Анталияда 80 пайызға ұлғайған. Бұдан бөлек, құрылыс салуға рұқсат беретін лицензияны алу да қиындады.

Цитата

Назми Дурбакайым, құрылысшылар қауымдастығының президенті /Ыстамбұл:

- Түркияда көптеген құрылыс компаниялары нарықтан кетіп қалды. Өйткені жаңа үйлерге деген сұраныс азайған. Халықтың төлем қабілеттілігі төмендеді. Бірақ ұсыныс аз болғанымен, баспана бағасы түскен жоқ. Сонда салынып жатқан үйлер де аз, барлары дұрыс өтпей тұр әрі баға арзан емес.

Түркияда қаңтарда сатылған үйлер саны желтоқсанға қарағанда 2 есе азайған. Ал елде кейінгі 1 жылда баспана жалдау құны 2 жарым есе көбейген. Түркияда халықтың жартысынан астамы жалдамалы үйде тұрады.

Осындайда Жиренше шешеннің «Лашық та болса өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген сөзі еске түседі.