ЮНЕСКО білім мекемелерінде телефон қолдануға тыйым салуды ұсынды
ЮНЕСКО ұйымы былтыр әлем елдеріндегі білім мекемелерінде ұялы телефон қолдануға тыйым салу бастамасын көтерді.
Өйткені смартфонға назары ауған баланың сабаққа зауқы болмай, оқу үлгерімі төмендейді. Қауымдастық өкілдері баяндамасында осылай деп атап өтті. Ұйымның үндеуінен соң күні кеше Ұлыбритания билігі барлық мектепте ұялы телефон пайдалануға тыйым салды. Ал Нидерланд үкіметі жаңа жылда сабақты смартфонсыз бастаған. Франция мен Қытай мектептерінде шектеу бірнеше жыл бұрын енгізіліпті. Білім саласындағы бұл тәжірибеге алпауыт державалар біртіндеп көшуде. Олардың мұндай шешімге келуіне не себеп?
ЮНЕСКО-ның зерттеуі бойынша мектептерде технологиялық құрылғылар, әсіресе смартфондар мен компьютерлерді оқушылар тым көп қолданады. Бұл баланың оқу үлгеріміне ғана емес, психикасына да кері әсер етуі мүмкін дейді сарапшылар.
Құрылғы құрдымға апарады
Смартфон, алдымен баланы, сонан соң сананы улайды. Қарапайым ғана құрылғының еңбектеген баладан бозбалаға дейін өзіне соншалықты жақын етер қандай қасиеті бар дерсіз?! Ал шындығында, ұялы байланыс құралдарын шамадан тыс пайдалану оқушының ойлау қабілетін төмендетеді. Эмоционалды тұрақтылығы мен зейініне және оқу үлгеріміне кедергі келтіреді. Мұны әлем ғалымдары дәлелдеген. ЮНЕСКО халықаралық ұйымының арнайы зерттеуінде телефонға телмірген баланың оқу ғана емес, көру қабілеті де нашарлағаны анықталған. Сол себепті сарапшылар телефонды тек қажетіне қарай пайдалану керек дейді.
YouTube.com/UNESCO
Одри Азуле, ЮНЕСКО ұйымының бас директоры:
-Білім беру саласында технологияларды қолдануда мұқият болу керек. Ол оқу сапасын көтеруге бағытталуы қажет және оқушылар мен мұғалімдерге зиян келтірмеуі тиіс.
YouTube.com/UNESCO
Манос Антонинис, баяндама авторы:
-Білім беру мен оқу процестерінде жаңа технологиялардың болғаны дұрыс. Бірақ ол адамдардың жұмысына, денсаулығына зиянын келтірмеуі тиіс.
Соңғы 20 жылда бірқатар білім мекемелері қағаз орнына технологиялық құрылғылар қолдана бастады. Оқушылар кітап оқымай, ғаламтордан керегін алатын болды. Пандемия бұл үрдісті тіпті, тездетіп жіберді. Миллиондаған бала онлайн оқуға көшті. ЮНЕСКО мәліметінше, 2021 жылы Уикипедия парақшалары бір тәулікте 244 млн қаралым жинаған. Ал 2022 жылы әлем бойынша бастауыш мектептердің 50 пайызы педагогикалық мақсатта ғаламторға қосылған. Бірақ технологияға құмарлық білім беру саласына қымбатқа түсіп отыр. "Осы қаражатты ұстаздардың жалақысын көтеруге және тұрмысы нашар оқушыларға кітап сатып алуға жұмсалғаны жөн", - дейді ұйым өкілдері.
Графика
2021 жылы Уикипедиядағы тәуліктік қаралым саны - 244 млн
2022 жылы бастауыш сыныптарының 50 %-ы ғаламторға қосылған
Англияда ұялы телефонға тыйым бар
YouTube.com/Dweuromaxx
Болашағын ойлаған елдер смартфонның зардабын жақсы түсіне бастады. Ұлыбритания үкіметі Англияның білім мекемелерін телефон ұстауға тыйым салуға шақырды. Тұманды Альбионда, негізі бұл бастама 2018 жылы көтерілген. Бірақ кәсіпОдақ ұйымының қарсылығына тап болған үкімет шектеуді кейінге қалдырған еді. Енді бұл үрдісті қайта қолға алды. Ресми дерекке сүйенсек, елдегі 12 жасқа дейінгі баланың 97 пайызы электронды құралды қолданады. Ал құрылғыға құмарлық кибербуллингке, алаңғасарлық пен психикасының бұзылуына әкеп соғады. Түптеп келгенде, оқушының оқу үлгерімі төмендейді. Бірақ ел үкіметі кей мектептерде смартфонның сабақ барысында қажет екенін ескеріп, әзірге озық тәжірибені барлық білім секторына енгізбейтінін мәлімдеді.
YouTube.com/TheTelegraph
Джиллиан Киган, Ұлыбритания білім министрі
"Біз смартфонның баланы алаңдататынын жақсы білеміз. Өйткені ересек, біздің, ұялы телефонға сағат сайын телмірумен-ақ ойымыз бөлініп кетеді. Ал құрылғы ойын баласын одан сайын алдап арбап алады. Бұл олардың дамуына, әлеуметтік дағдыларына теріс әсер етуі мүмкін."
Цитата
Ата-ана
Балалар мектепке ұялы телефон қарау үшін емес, білім алу үшін барады. Сол себепті бұл тиімді бастама деп ойлаймын.
Әлемнің әрбір төртінші елінде мектептерде смартфонға тыйым салынған.
/графика /Бұл тізімде осындай шектеуді 2018 жылы енгізген Франция бар. Дәл сол жылы Қытайдың Шандунь провинциясы да сабақ барысында телефоннан бас тартқан. Қазір Аспан асты елінде электронды құрылғыны оқу құралы ретінде пайдалану 30%-ға дейін төмендеген. Италияда мұғалімдер таңертең оқушылардың смартфондарын жинап алып, дәріс аяқталғанда қайтарады. Ал Израиль үкіметі 2021 жылдан бастап бастауыш сыныптарда смартфонды қолданбайды. Көршілес Ресей билігі болса былтыр желтоқсан айында мектептерде құрылғыны қолдануға тыйым салатын қаулыға қол қойды. Алайда, бұл енді «оқу орындарына телефондарды әкелуге болмайды» деген сөз емес. Оларды "білім алушылар мен ұйым қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда пайдалануға болады екен. Биыл бұл үрдісті құптағандардың қатарына Нидерланд қосылды. Бірақ іс жүзінде ғана, әзірге тәжірибе заңды күшіне енбеген.
Графика
Білім мекемелерінде ұялы телефонға қатаң тыйым салған елдер:
Франция 2018 жылы
Қытай 2018 жылы
Италия 2022 жылы
Израиль 2021 жылы
Кипр 2022 жылы
Ресей 2023 жылы
Грекия 2023 жылы
Малайзия 2023 жылы
Нидерланд 2024 жылы
Цитата
Робберт Дейкграаф, Нидерланд білім министрі:
"Ұялы телефон біздің өмірімізбен тығыз байланысты болғанымен, білім мекемелерінде электронды құрылғыға орын жоқ."
Мұндай тыйым біздің елде де бар. Биыл Сенат оқушылардың сабақ үстінде смартфон ұстауына шектеу қоятын заңды мақұлдады. Құжатқа сәйкес, білім ұйымдарына телефон апаруға болады, бірақ дәріс кезінде қолдануға шектеу қойылған. Бұл үрдіс балалардың сабақтан тыс дүниелерге алаңдамай, сапалы білім алуына көмектеседі.