Қазақстан ғалымдары Байкал көлін зерттеуге қатысуда

Байкалда нейтринді телескоптың детекторларын орнату бойынша кезекті экспедиция басталды.

Оны ядролық зерттеулердің біріккен институты ұйымдастырды. Бұл ғылыми орталықта жүзге жуық қазақстандық ядрофизик жұмыс істейді. Нейтринн бөлшектерін анықтауға арналған  әлемде теңдесі жоқ телескоп Байкал көлінің түбіне, бір шақырымнан астам тереңдікте орнатылған. 

Байкал-ГВД – әлемдегі үш нейтрондық телескоптың бірі, олар жаһандық желіге біріктірілген. Теңдесі жоқ бірегей құрал Байкал көлінің түбінде, бір шақырымнан астам тереңдікте су астында орналасқан. Телескоп детекторлары ғарыштан жеткен бөлшек– нейтриноны тіркеу үшін жасалған. Бұл қондырғының жұмысына Дубнадағы халықаралық ғылыми орталықта зерттеу жүргізіп жатқан қазақстандық ғалымдардың қосқан үлесі зор.

Нұрбек Тұрсынбаев, Ядролық мәселелер зертханасының кіші ғылыми қызметкері:

- Байкал көлінде  үлкен детектор орнатқан. Неге Байкал көлінде десек, ол біріншіден әлемдегі ең терең көл. Екіншіден оның суы тұнық, жарық сәулесінің өткізгіштігінің деңгейі жоғары болғандықтан, сол терең көлде үлкен детекторлар орнатады.

Ғалымдар ғарыштан жеткен элементар бөлшек нейтриноны зерттеу физиканың іргелі заңдары мен әлемнің құрылымын түсінуге мүмкіндік береді деп санайды.

Қанат Нұрланұлы, Теориялық физика лабораториясының ғылыми қызметкері:

- Қазіргі заманның көзқарасы бойынша ең элементарлы бөлшектер кварк пен лептон болып табылады. Енді осы элементарлы бөлшектерді қалай зерттей аламыз деген сұрақ туады. Зерттеулер барысында ашылған жаңалық ол элементар бөлшектерді электромагнитті өріске салып өте үлкен энергияға дейін үдетіп, нысандармен соқтығысып, осы нысанмен соқтығысу барысында үлкен энергияда туған бөлшектер ыдырау нәтижесінде туған бөлшектерді зерттеу болып табылады.

Біріккен ядролық зерттеулер институтында жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлер саны бойынша Қазақстан Ресейден кейінгі екінші ел. Мұнда 100-ге жуық қазақстандық еңбек етеді. Олар ірі ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып, мегағылым деңгейіндегі бірегей нысандардың пулын кеңейтуге ниетті.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров