Француздар Лакон қой тұқымын өсіреді

Халықаралық азық-түлік жөніндегі бағдарламаның мәліметінше, әлемде жаһан халқының 28%-ы, яғни 2 млрд-тан астам адам ауыл шаруашылығымен айналысады.

Өйткені жаһандық экономикадағы агросектордың үстемдігі артып келеді дейді сарапшылар. Олар былтыр ауыл шаруашылығы өндірісі бойынша көш басындағы тұрған бес мемлекеттің тізімін жасақтады. Алғашқы көшті Қытай еншілепті. Қазір Аспан асты елінде шаруалар түйе жүнін қырқып, соны сатумен айналысады. Ал Иорданияда Ойсыл қара тұқымының сүтінен сабын өндіру кәсібі жолға қойылған.

Сүттен жасалған сабын

Ойсыл қара тұқымы араб ағайындардың негізгі символы іспеттес. Мінсең көлік, ішсең сусын, жесең ас түйе шаруашылығы бұл аймақта жақсы дамыған. Ал Таяу Шығыстағы тағы бір араб елі Иорданияда түйенің сүтінен сабын өндіру жақсы жолға қойылған. Бұл кәсіп елдің ежелгі дәстүрі деуге болады. Өйткені көшпелі тайпа бәдәуилер ғасырлар бойы түйе сүтін әр түрлі мақсатта қолданып, әсіресе, сабын өндірісінде пайдаға жаратқан. Кейін ұмыт болған жоралғы қайта жаңғырып, экосабын өндірісі қолға алына бастады. Оның құрамы мол минералдар мен дәруменге бай. Сиыр сүтіне қарағанда түйе сүтінде С дәрумені 3 есе көп екен. "Бірақ өндіріс шығынды көп қажет етеді , соған сай бағасы да қомақты", - дейді кәсіпкер. Соған қарамастан иорданиялықтар сапалы өнімді таңдайды. «Aromatic lol» аталатын бұл тауарға қазір елде сұраныс жоғары. Айына 4 мыңнан астам өнім өндіріледі, Иордания аумағына ғана емес, өзге де аймақтарға экспортталады.

Лара Әл-Тити, кәсіпкер:

- Мен бұл жоба туралы 2009-2010 жылдары ойда қорытып, жүзеге асыруды жоспарлап жүрдім. Бірте-бірте бұл идеяны дамытып, оны алдымен, үй жағдайында өндіре бастадым. Кейін өнім шығаратын зауыттармен келісімге келіп, шеберханамды кеңейттім. Қазір сабынды қолмен өндіреміз.

Хиба Тбайшат, тұтынушы:

- Түйе сүті сабынының 100 пайыз табиғи екеніне сенімдімін. Онда химиялық қоспа жоқ және менің теріме оң әсер етті. Әсіресе, біздер, қыз-келіншектер үшін күні бойы бетімізге жағылған бояудан кейін осындай табиғи өнім тұтыну өте маңызды.

Француздар Лакон қой тұқымын өсіреді

«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір». Француздар ежелден осы ұстанымды ұстанады. Олар сүт өнімділігі жоғары Лакон қой тұқымын өсірумен ғасырлар бойы айналысады. Негізі бұл Шопан ата тұқымын алғаш өсіре бастаған Испания, бірақ Лакон өз атауын Францияның оңтүстік-шығысындағы Мон-де-Лакон округінен алады. Онда бұл жануарлар шамамен 5 мың жыл бұрын пайда болған екен. Ал шаруашылық ХІХ ғасырдың ортасында шаруалар арасында қолданысқа ене бастады. Қазір бұл тұқымды қойлардың саны әлемде 1 млн-нан астам басты құрайды. Оның артықшылығы сол, бұл лакон қойлары жылына 200-ден 500 литрге дейін өнім бере алады. Сүті пайдалы май мен ақуызға өте бай. Көбіне ірімшік, йогурт сынды ағарған өнімдердің өндірісіне қолданылады. Әлемге әйгілі «Рокфор» француз ірімшігі есіңізде болар, дәл сол ірімшік тек осы Лакон сүтінен жасалады екен.

Қытайда түйе жүні сұранысқа ие

Шыңжаң аймағында 14 мың бас түйе бар

Күніне 500 бас түйе қырқылады

1 келі жүн - 7$

Шаруалардың жылдық таза табысы - 60.000$

Қытайлықтар агроөнім өндірісі бойынша әлемде онсызда көш басында. Енді олар түйе жүнін қырқып, оны сатуға көшкен. Жаз түсе сала шаруалар елдің солтүстік-батысындағы Шыңжаңда осы іспен айналысады.

Қазір мұнда Ойсылқара  тұқымынан 14 мың бас бар. Тәулігіне шамамен 500 түйе жүні қырқылады. Әрқайсысы 2-3 келі тартады. Бұл олардың маңызды табыс көзі саналады. Мәселен, тері келісінің құны 7 доллар шамалас. Яғни, жылына шаруалар 60 мың АҚШ доллары көлемінде таза пайдаға кенеледі. «Жүн қырқу ісі күнделікті жүргізілсе де, теріге сұраныс азайған емес», - дейді шаруалар. Өйткені түйе жүні қыстық киім өндірісінде кәдеге жарап тұр. Әсіресе, Шыңжаң аймағында жүннен тоқылған ашық шаңғы киімдеріне сұраныс жоғары.

Иә, төрт түліктің қай түрі болсын, олардың пайдасы көл-көсір. Келешекте әлемде агроөнімге сұраныс бұдан да жоғары деңгейде арта түседі, Бірақ шаруашалықпен айналысушылар қатары 2050 жылға қарай 17 пайызға төмендейді деп болжайды сарапшылар. Оған климаттық өзгеріс пен басқа проблемалар себеп болуы мүмкін.