Әлемнің кей елінде туыстық неке үрдіске айналған
Туыстық неке – қазаққа жат ұғым.
Ал әлемнің кей елінде бұл үрдіске айналған. Әсіресе Таяу Шығыс, Азия, Африкада ерлі-зайыптыларды жарастыру дүйім рудың шешіміне тікелей байланысты.
Ал басқа ұлттарда, әсіресе Еуропа, түріктер және өзбектерде бөлелердің өзара үйленуі кең тараған. Жақын ағайындар арасында болған некеден жер бетінде миллиондаған адам тұқым қуалайтын түрлі ауруға ұшырайды.
Өкініштісі, мұндай дерттің емі жоқ. Балалары кембағал болып туып, түрлі генетикалық ауруларға тап болады.
Туыстық неке бір кездері ақсүйектер арасында сәнге айналған. Қазір бұл үрдіс қалай?
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар...
Пәкістанда туысына үйленетіндер көп. Некенің 80%-і осындай. Яғни бұл елде жақын-жуығымен шаңырақ көтере береді. Ұлыбритания Денсаулық сақтау министрлігінің зерттеуіне қарағанда, бұл елдегі Пәкістан қауымдастығында дүниеге келетін сәбилердің 30%-і – кемтар. Өйткені британдық пәкістандықтардың 50%-тен астамы немере ағасына тұрмысқа шығады. Брэдфорд қаласында бұл – туыстық некенің 75%-і. Жалпы Пәкістанда «бұлайша жақын туыстарымен некеге тұру байлықтың отбасынан шығып кетпеуі үшін», – дейді. Есесіне ажырасушылар некен-саяқ. Ал ұрпақ қамын ойлап жатқан ешкім жоқ.
«Туабітті ауруы бар баланың негізгі дерті – әдетте жүрек немесе жүйке жүйесі проблемалары, кейде шетінеп те жатады. Сондай-ақ ақыл-ой жетіспеушілігі, сан түрлі неврологиялық жүйке аурулары, одан қалды аяқ-қол кемістігі көп», – дейді Нил Смолл, Брэдфорд университетінің профессоры.
Туыстық некеге жол жоқ
Туыстық неке – көршілес Өзбекстанда да өткір тұрған мәселе. Мәселен, былтыр 201 туыстық неке тіркелген. 1998 жылы мемлекет бұған заң жүзінде тыйым салған. Соған қарамастан ауылдық жерлерде туған-туыспен қыз алысу дәстүрі әлі үзілмеген. Мұндай некеде дүниеге келген баладан туа біткеннен денсаулық кемшіліктері, деформациясы және хромосомалық бұзылулар болады. Статистикаға сүйенсек, Өзбекстанның оңтүстік облыстарында туыстық неке көп. Әсіресе Сұрхандария, Қашқадария және Сырдария облыстары. Тіпті аталған өңірлердегі ахуал отбасы министрлігінің бақылауына өткен.
Ағайын арасындағы құдалық
Ағайын арасында қыз алысқан кезде дүниеге нәресте аз келеді. Есесіне өзге жерден қыз алғандар баланы да, немерені де көбірек сүйген. Еуропалық мамандар осылай дейді. Бұл пікірді америкалықтар да қостайды. Мәселен, АҚШ-тың 31 штатында ағайынның бір-бірінен қыз алып, қыз беруіне тыйым салынған. Ұлттық генетиктер қоғамының мамандары дүниеге келетін өзге балалармен салыстырғанда туыстар арасындағы балаларда сырқат 2-3 есе көп болатынын жасырмайды. «Нашақорлар мен маскүнемдер, бұзақылар да осындай некеден көп тарайды», – дейді.
Еуропа елдерінде өздерін ақсүйек санайтын корольдер, патшалар мен императорлар, князьдар мен графтар арасында бір-біріне құда түсіп, балаларын үйлендіріп, қыздарын тұрмысқа беретін салт-дәстүр болғаны тарихтан белгілі. Бірте-бірте әлгілердің арасында сан түрлі тұқым қуалайтын аурулар көбейіп, қандары бұзылып, көпшілігі бақытсыз ғұмыр кешті. Мәселен, атақты Клеопатра, Чарльз Дарвин, Альберт Эйнштейн, АҚШ Президенті Франклин Рузвельт – бұл сөзге дәлел. Бұл тұлғалар ағайындас жұптардың ұрпақтары болған. Әлемде теңдессіз жаңалықтар ашқанымен, көптің есінде бұл адамдар біртүрлілігімен қалды.