Еуропада газ бағасы күрт төмендеді
Еуропада газ бағасы кейінгі 3 жылда болмаған межеге дейін төмендеді.
Өйткені биыл қыс жылы болды. Оның үстіне АҚШ-тан келетін көгілдір отын көлемі де артқан. Сөйтіп қазір жергілікті қоймаларадағы шикізат қоры 64 пайыздан асады. Ол жылдың бұл мезгілі үшін рекордтық көрсеткіш. Қызыл теңіздегі текетіреске байланысты қаңтарда сұйытылған газдың ірі экспорттаушысы Катардан шикізат кешігіп жеткізілген. Сарапшылар бұл бағаның өсуіне әкеп соқтыра ма деп қауіптенген. Бірақ болжамдар расталмады. Сөйтіп қазір еуропалық биржаларда газдың мың текше метрінің құны 255 долларға дейін төмендеген. Былтыр қазанда ол 650 долларға жеткен еді.
Сирияда электр энергиясы қымбаттайды
Еуропада энергетикалық дағдарыс жеңілдесе, Сирияда керісінше ушығып барады. Өйткені наурыздан бастап электр энергиясы күрт қымбаттайтын болды. Кейбір салада баға тіпті 500 пайызға дейін өсуі мүмкін. Қазір инфляция өршіп тұр. Сондықтан билік бұдан басқа амал қалмағанын айтады. 13 жылдай азаматтық соғыс жалғасып жатқан елдегі ахуал онсыз да күрделі. Атыс-шабыс кесірінен кейбір провинция тұғындары күніне 20 сағатқа дейін жарықсыз отыруға мәжбүр.
Кубада энергетикалық дағдарыс ушығып барады
1 наурыздан бастап Кубада да электр энергиясының бағасы өседі. Айына 500 киловаттан артық тұтынатын тұрғындар үшін ол 25 пайызға қымбаттайды. Баға өссе де, елдің энергетикалық жүйесінің жағдайы мәз емес. Жергілікті жұрт бірнеше сағат жарықсыз отыруға үйреніп қалған. Оған отын тапшылығы себеп. Куба тұрғындары мен өнеркәсіп орындарының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін тәулігіне 125 мың баррель мұнай қажет. Елде соның тек 30 пайызы ғана өндіріледі. Қалғаны Венесуэла мен Мексикадан жеткізіледі. Тұрғындар шикізат логистикасы мен сақталу жағы дұрыс ұйымдастырылмағанын айтып налиды. Отын тапшылығының себебі де осы дейді.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева