Жыл сайын әлемде 1 млрд-тан астам сағат жасалады
Жаңа уақыт белдеуі деп жатырмыз ғой. Жалпы осы уақыт дегенде сағат еске түседі. Жыл сайын әлемде 1 миллиардтан астам сағат жасалады екен.
Сағат жасаудан Швейцария озып тұр. Жылына 30 миллион сағат өндіреді. Ал алғаш рет әлем бойынша уақытты бір жүйеге келтіріп, сағат бойынша жүруге мысырлықтар дағдыланған, – дейді.
Иә, сағаттың заманына қарай түр түрі бар. Десе де сол ежелгі мысырлықтардан бері қарай өзгермені – ол сағаттың айналу бағыты. Яғни, бәріміз білетін сағат тілі солдан оңға қарай жүреді. Ал сағат тілі неге оңнан солға емес, тек солдан оңға қарай жүреді? Осы және сағат қалай пайда болғаны жөнінде қызықты деректер шартарап айдарында.
Дүниежүзіндегі ең алғашқы сағат
Күнге қарап уақыт есептеген мысырлықтар бірте-бірте уақытты дәлірек білудің жолдарын ойластыра бастады. Сөйтіп, жер бетінде алғаш рет нағыз күн сағатын жасады.
Бұл жерде циферблат орнында беті таңбаланған дөңгелек ашық алаңқай орналасқан. Сағат тілі қозғалмау үшін алаңқайдың қақ ортасына қазық қағылған. Ал сағат тілінің қызметін осы қазықтың көлеңкесі атқарады. Күн өз жолымен жылжи береді, соған сай көлеңке де ашық алаңқай бетімен шыр айналып, кәдімгі сағат тілі сияқты уақытты көрсетіп отырған. Сөйтіп, сағат тілі Күн көлеңкесінің солдан оңға қарай сырғитынына байланысты оңға қарай жүрген.
Археологтар осы күнге дейін әлемнің әр түкпірінен күн сағаттарының 13 түрін тапқан. Күн сағатының бір кемшілігі, ол тек көшеге шыққан кезде ғана уақытты көрсетеді. Яғни, көлеңке бойынша. Ондай сағаттар қатты жел мен жаңбырдан бұзылып та кеткен. Сондықтан күн сағаттарының орнын су сағаты басты.
Сағат неге тықылдайды?
«Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған...». Абайдың сағатты ұрыға теңеуі тегін емес. Мәселен, ең алғашқы су сағаты гректің клепсидра сөзімен аталды. Бұл «су ұрысы» дегенді білдіреді. Ал сағат неге тықылдайды деген сұраққа жауапты да осы дәуірден табуға болады. Су сағаты цилиндр тәрізді ыдыс болған, оның ішінен су тамшылап ағады. Неғұрлым су аз қалса, соғұрлым көп уақыт өтті деп есептелген. Мұндай сағаттар Мысыр, Вавилонда және Ежелгі Римде қолданылған. Ал су тамшысының дыбысы, кейін қалыптасқан механикалық сағаттардағы «тық-тық» дыбысымен байланысты.
Атомдық сағаттар
Әлемдегі ең дәл сағат – атомдық сағаттар. Мамандардың айтуы бойынша, мұндай сағаттар миллион жылда бір секундтан ғана қателесуі мүмкін. Атомдық сағатты Вашингтондағы Ұлттық стандарт және технология институтының ғалымдары құрастырған. Олардағы уақыт өлшемі цезий атомының вибрациясы арқылы, яғни Жердің Күнді айналуын дәл өлшейтін біртекті идеал шкаланы қолдану арқылы жасалды. Бұл дүниежүзінде дүр сілкініс туғызып, 1967 жылдан бастап әлем жаңа стандартты уақыт өлшеміне көшті.
Ал қазір әлем электронды сағатқа көшті. Оның артында ақылды сағаттар бар. Алайда мұндай сағаттың ең алғашқысы 70-ші жалдары жасалған. Әуелі калькулятор есебінде, одан соң 1982 жылы Сейко компаниясы теледидарға ұқсатып шығарды. Тіпті әлемдегі ең кішкентай теледидар ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.