Барселонада дүниежүзілік ұялы байланыс көрмесі өтіп жатыр
Испанияда дүниежүзілік ұялы байланыс көрмесі өтіп жатыр.
Онда әлемнің 200 елінен 80 мыңнан астам өнертапқыш бас қосқан.
Ауқымды шарада ұялы байланыс саласының бірлестіктері соңғы инновацияларын жұрт назарына ұсынған. Мысалы, испаниялық Humane компаниясы смартфонның барлық қызметін атқаратын электронды бейджді көрсетті. Құрылғы адамның басқаруымен жұмыс істейді. Кеудеге бекітіліп, тапсырма берген бойда жауапты алақанға тізбектеп шығарады. Әсіресе шет тілдерін білмейтіндер үшін бірден аударма жасайтын таптырмас құрал, дейді компания мамандары. Испандар тың технологияны осы жылдың қарашасында АҚШ-та сатылымға шығармақ.
Сай Камбампати, Humane компаниясының инженері:
"Бұл құрылғы смартфонды ауыстырмайды. Дегенмен, телефондағыдай мәзірлері аса қиын емес. Қалтадан шығарып, құпия сөзіңізді теріп, қолда ұстап жүрмейсіз. Барлығын дауыстап тапсырсаңыз жеткілікті".
Ал смартфон жасау ісінде жетекші компанияның бірі саналған Моторола бірлестігі енді ақылды білезік қолданысқа енгізбек. Иілгіш телефонды бүктеп қолға тағып жүруге немесе ұялы телефон сияқты қолда ұстап жүруге де болады.
Мохаммед Әбдул-Ғаффур, "Motorola" компаниясының өкілі:
"Құрылғы кәдімгі смартфонға ұқсайды. Артықшылығы, оны үнемі қолда ұстап жүрудің қажеті жоқ. Білекке тағып алып, керек кезінде оп-оңай алып қосып пайдалана бересіз".
Самсунг компаниясы да келушілерді озық технологиясымен таң қалдырды. Өнертапқыштар ойлап тапқан ақылды жүзік жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейді. Ол тәулік бойы адамның денсаулығын бақылап отыра алады. Қажет десеңіз, пайдалы кеңестер де береді.
Сантьяго Изкьердо, "Samsung Technology" компаниясының өкілі:
"Құрылғыны әрқашан өзіңізбен бірге ұстап жүру ыңғайлы. Бұл ақылды сағат секілді ағзаңызға қатысты қатысты бүкіл деректерді жинақтайды. Денсаулығыңызда қандай да бір ақау немесе өзгеріс болса, алдын ала ескертіп, дәрігерлік кеңес беріп отырады".
Мобильді индустрия саласындағы инновациялар бірінен бірі өтеді. Шараға қатысушы компаниялардың көбі озық технологияларын биылдан қалмай қолданысқа енгізуді көздеп отыр. Ал дүниежүзілік көрме бүгін мәресіне жетпек.
Әсия Нұрлыбаева