Әлемде киберқылмыс көбейді

Дүние жүзінде киберқылмыс ең көп жасалатын ел - АҚШ.

Ал шабуылға жиі ұшырайтын сала банк секторы. Осының салдарынан былтыр әлемде тұтынушылардың жеке мәліметтерінің 4 жарым миллиард жазбасына қауіп төнген. Мұндай оқиғалар саны 2022 жылмен салыстырғанда 80 пайызға артқан.

Былтыр әлемде ең көп киберқылмыс жасалған елдердің тізімінде АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Австралия және Ресей көш бастап тұр. Дерекке сүйенсек өткен жылы 150 ірі кибершабуыл болған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. Әсіресе мемлекеттік сектор мен Ай-Ти компанияларға қарсы қимылдар көптеп тіркелген. Мектеп, университет, аурухана секілді мекемелер де хакелердің нысанына жиі айналып отырған. Қарапайым азаматтр да кибералаяқтардан көп зардап шеккен. Мысалы, былтыр Ресейдің әр оныншы тұрғыны әккі қулардың арбауына түсіп, орташа есеппен 20 мың рублінен айырылған. Бұл теңгеге шаққанда 100 мың шамасында. Бір қызығы тұрғындар көбіне банк карталарына қатысты құпия мәліметтерді өздері айтып қойып отырған. Сарапшылар бұған адамдардың цифрлық сауаттылығының төмендігі себеп дейді. Және инфляция шарықтап тұрған кезде көбі ақша үнемдемек болып, алаяқтардың арбауына тез түсіп жатады екен. 

Сергей Плохов, РФ Бас прокуратурасының өкілі:

"Өкінішке қарай киберқылмыстың көбі, дәлірек айтсақ, 29% ашылмай қалады. Өйткені қаскөйлер өздерінің қолданатын құралдарын үнемі жетілдіріп отырады. Оның үстіне көп шабуыл өзге елдерден жасалады. Бұл да алаяқтарды қолға түсіруді қиындатады."

Киберқауіпсіздік Еуроодақта да ең өзекті мәселенің бірі. Бірлестік басшылығы биыл оны күшейту үшін 214 миллион еуро бөлді. Қомақты қаржыға хакерлердің шабуылына төтеп беретін төтенше механизм құрылмақшы. Қауіп-қатердің алдын алумен айналысатын сарапшылар мен компаниялардың қорын ашу жоспарлап отыр. Бұдан бөлек жақында Одақта цифрлық қызмет көрсету туралы заң күшіне енді. Құжатта интернет-платформалар мен әлеуметтік желілілер тұрғындарды заңсыз контент, тауар және қызметтен қорғауға міндеттелген. Әсіресе одақ аумағында 45 миллионнан аса пайдаланушысы бар Фейсбук, Амазон, Гугл секілді компанияларға талап күшейді. Егер алпауыттар ережелерді сақтамаса жылдық кірісінің 6 пайыз мөлшерінде айыппұл төлейді. Заң бұзушылық қайталанса бірлестіктің Еуроодақ аумағында қызмет көрсетуіне тыйым салынуы мүмкін.