Әлемде жалақы төлеуде гендер мәселесі бар

Бүгін дүниежүзілік жұмыссыздықпен күрес күні.

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, әлемде былтыр 207 миллионға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл жер шарындағы еңбекке қабілетті азаматтардың 5,7 пайызы. Сол себепті әлем елдері жұмыссыздықты жоюға ерекше ден қойып отыр. Мысалы, Еуроаймақ жыл басынан оны 6,4 пайызға төмендете алған. Ал халық саны бойынша көш басындағы Қытай биыл 12 млн жаңа жұмыс орнын құрмақ. Алпауыт мемлекеттер осы түйткілді шешу үшін қандай шара қабылдап жатыр?

Еуроодақта жұмыссыздық деңгейі 6,4 пайыз төмендеді. Өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 0,1 процентке кеміген. Бұлсоңғы 25 жылдағы ең төменгі көрсеткіш дейді сарапшылар. Оның азаюына экономикалық даму, негізгі салаларға инвестиция көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты әлеуметтік қолдау сынды шаралар ықпал еткен. Қазір аймақтағы жұмыссыздық бойынша ең төменгі көрсеткіш Германияға тиесілі. Мұнда азаматтардың 2,5 пайызы ғана жұмыспен қамтылмаған. Литвада да жағдай жаман емес. Еңбекке қабілетті халықтың тек 2,7 пайызы ғана еңбек етпейді. Ал аймақта жұмыссыздық деңгейі ең жоғары елдер - Грекия мен Испания болып тұр. Екі мемлекетте де жұмыссыздар саны 13 пайыздан асып кеткен. Қалған елдерде көрсеткіш 4 пен 8 пайыз аралығында.

ГРАФИКА 

Мемлекет Атауы          Жұмыссыздық деңгейі (%)       

Грекия                                            13,3             

Испания                           13,1           

Италия                                             7,8              

Франция                           7,4            

Финляндия                     6,8            

Португалия                      6,2            

Люксембург                    5,8     

Қытайды 12 млн жаңа жұмыс орыны ашылады

Халқы тығыз қоныстанған көршіміз Қытай жастарды жұмыспен қамтуға ерекше басымдық беріп отыр. Биыл мұнда 11,7 млн студент жас маман атанады. Сол себепті билік оқу бітірген түлектерді тұрақты қызметке орналастыру үшін 12 млн жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Биліктің бұл саясаты былтыр да жақсы нәтиже берген. Өткен жылы жұмыссыздыққа қарсы 40-тан астам шара қабылданып, 12 миллионнан аса жаңа жұмыс орны ашылды.

Ли Чжун, ҚХР Адам ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру вице-министрі:

-Біз көбіне жұмыс орындарын ашатын кәсіпорындарды субсидиялау сияқты саясатқа басымдық береміз. Осының арқасында былтыр қалалық жерлерде 12,5 миллионға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Шамамен 34 миллион тұрғын жұмысқа орналасып, кедейліктен құтылды. Өткен жылдың желтоқсанында қалаларда жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды ғана құрады. Елде халықты жұмыспен қамту деңгейі тұрақталып келеді.

Әлемде халықты жұмыспен қамтуда жиі кездесетін мәселенің бірі гендерлік тұрғыдан жалақы айырмашылығы. Мысалы, Австралияда әйелдерге қарағанда ерлердің табысы мол. Зерттеу олардың айлық жалақысы нәзікжандардан 22 пайызға артық болатынын көрсетіп отыр. Ал дерекке сүйенсек, елде әйелдер арасында жұмыссыздық 5,4 пайызды құрайды. Оған көбіне үй шаруасы мен бала күтімінен босай алмауы себеп дейді мамандар. Билік әр салада әйелдердің үлесін арттыру үшін түрлі шаралар қабылдап отыратынын айтады.

Мэри Вулдридж, гендерлік теңдік агенттігінің бас директоры:

"Барлық сала бойынша гендерлік жалақы алшақтығы ерлердің пайдасына шешіледі. Ер азаматтар құрылыс, қаржы секторларында көп табыс табады. Кей компанияларда тіпті, 30, 40 және 50%-ға дейін жетуі мүмкін. Нәзік жандардың да жұмысқа деген ынтасын арттыру үшін еңбек ақы мөлшерін теңестіру қажет."

Ал елімізде жұмыссыз тұрғындардың үлесі жыл сайын төмендеп келеді. Былтыр желтоқсанда бұл көрсеткіш 4,7 пайызды құрап, қараша айымен салыстырғанда 0,2 процентке азайған. Еңбек нарығында жұмыссыздықты жою мақсатында "Жұмыспен қамту жол картасы -2025", "Еңбек", "Дипломмен ауылға", "Жас өркен", "Жастар тәжірибесі" сынды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылып жатыр.