Қазақстан мен Өзбекстанның ғалымдары тәжірибе алмасты
Әлемдегі ірі экологиялық апатқа ұшыраған Арал теңізінің құрғаған табаны 6 млн гектарға тең.
Соның 2,8 миллионы елімізге тиесілі. Қазір Қазақстан мен Өзбекстан теңіз ұлтанын жасыл желекке айналдыру ісін қарқынды жүргізіп жатыр. Бұл іске орман шаруашылығы мамандары мен жетекші ғалымдар тартылған. Таяуда олар Арал атырабында бас қосып, тәжірибе алмасты. Фосфорлы гипс әдісін қолдану тиімсіздігі мен авиацияның мүмкіндігін пайдалану бойынша тың ұсыныстарды зерделеді.
Бұл - Аралдың Қарақалпақстан аумағындағы бөлігі. Мыңдаған гектар аумақта бір кездері кеме қатынап, жергілікті балықшылар кәсіп қылған. Ал қазір мұндағы сілтідей тынған тыныштықты тек үздіксіз соққан жел бұзып тұр.
Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында Өзбекстан үкіметі қараша-наурыз айлары аралығында көшет егу, тұқым себу жұмыстарын жүргізеді. Жергілікті климаттық ерекшеліктерге сай, бұл іс Қазақстанға қарағанда бірер апта ерте басталады.
Мархабай Нұрманов, Қарақалпақстан Республикасы экология және аралды дамыту бойынша хатшылық басшысы:
- Өзіміздің есебіміз бойынша сәуірдің 10-на дейін 300 мың гектарға егуді жоспарлап отырмыз. Техникамен, ұшақпен және дельтапланмен егу жүйесі жолға қойылған. Тұқымдар жергілікті беріліп жатыр. Халыққа нақты ақша беріп, жинап алдық. Соны Аралдың ұлтанына шашып жатырмыз.
Теңіз ұлтанына сексеуіл егу Қазақстан жақта да қарқынды жүріп жатыр. Тәуелсіздік алғалы 900 мың гектардан астам жерге тұқым себіліп, көшет егілген. Осыдан 13 жыл бұрын 1 млн көшет әзірлейтін тұқымбақ салынса, қазір тағы бірінің құрылысы қолға алынған. Оның аумағы 33 гектардан асады. Жалпы екі ел мамандарының орман өсіру технологиясы ұқсас. Ал сексеуіл мен қарабарақ шөлге ең төзімді өсімдік. Теңіз табанындағы микроклиматты жақсартады. Кейін ауыл шаруашылығы үшін жайлы аумақ қалыптасуы мүмкін. Бұл істе барынша оңтайлы әрі қаражатты аз талап ететін әдістер қолданылып келеді. «Ал кей сарапшылар ұсынып отырған фосфорлы гипсті пайдалану тиімсіз», - дейді екі ел орманшылары.
Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
- Біз фосфорлы гипс әдісін қолданбаймыз. Оған қажеттілік жоқ деп ойлаймын. Мәселен биыл біз 100 мың гектар жерге өсімдік ексек, оның әрбіріне қаншама қаржы жұмсалар еді. Бұл дұрыс емес. Мұндай әдісті тек шағын ғылыми тәжірибеге қолдануға болады. Біз керісінше шығынды азайтуға күш салуымыз керек.
Айта кетейік, Қазақстан үкіметі Арал атырабында сексеуіл егілген аумақты көп ұзамай 1,5 млн гектардан асыруға ниетті. Ол үшін теңіз аймағындағы орман шаруашылығына қомақты қаржы бөлу қарастырылып отыр. Қазірдің өзінде бұған донорлық мекемелер қолдау көрсетуге дайын.
Авторы: Рауан Мыңбаев