Әлемде инженер әйелдердің үлесі 13%
Әлемде әр салада ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген әйелдердің қатары артып келеді.
Инженер әйелдер халықаралық ұйымының мәліметінше, өндіріс саласындағы нәзік жандардың үлесі 13 пайызға тең. Ғылымда да талмай еңбектеніп жүрген қыз-келіншектер көп. ЮНЕСКО-ның зерттеуі бойынша дүниежүзінде әйелдердің 30 пайызы білім мен ғылым саласында қызмет етеді. Құқық қорғау секторында да нәзік әрі қайсар арулардың саны басым.
Қазір технология қарыштап дамыған жаһандану дәуірінде әйелдер ерлермен тең дәрежеде жұмыс істейді. Әртүрлі кәсіптің шыңдарын бағындырып, бәсекелесе алады. Мұны соңғы зерттеулер айғақтап отыр.
Өнеркәсіптерде жұмыс істейтін арулар ерекше назар аударуға тұрарлық. Өйткені экономиканың дамуы өндіріс саласына тікелей байланысты. Олар инженерияның барлық бағыты бойынша ер адамдармен бәсекелесе алатын деңгейге жетті. Мысалы, Ресейде осы сектордағы әйелдердің үлесі 28,4 пайызға жуықтайды. Жапонияда бұл көрсеткіш 5 пайызды құрайды. Нәзік жандар, әсіресе, өндірістің 4 түрлі бағыты бойынша белсенді. Химиялық инженерияда олардың үлесі 30 пайыз, ақпараттық технологиялар мен информатика бойынша 27, өнеркәсіптік инженерияда 20, құрылыста 10, ал машина жасау ісінде 8 процентке тең.
Максин Фонтейн, Стивенс технологиялық институты машина жасау кафедрасының доценті:
- Бұрын өнеркәсіптерде әйелдерге қарағанда ерлердің үлесі басым болатын еді. Соңғы бірнеше онжылдықта әйелдердің қатары артқаны байқалады. Бірақ әлі де ер адамдармен теңесе қойған жоқ. Сол себепті инженерия саласына әйелдерді көбірек тарту қажет.
Еуропада полицей әйелдердің қатары артты
Әлемнің әр елінде қоғам тыныштығын күзетіп, тұрғындардың құқын қорғауға үлес қосып жүрген арулар артып келеді. Мысалы, Еуропалық Одақта полицей әйелдердің қатары 20 процентке жеткен. Құзырлы органда қыз-келіншектердің көбеюіне биліктің гендерлік теңдік туралы заң қабылдауы оң ықпал еткен. Сондай-ақ, әйелдердің санын арттыру туралы бағдарламалар мен түрлі әлеуметтік қолдаулар жақсы нәтиже берген.
Марина Зович, аға инспектор:
- Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Боснияда әрбір үшінші әйелдің тұрақты жұмысы бар. Ал құқық қорғау органдарында олардың 15 пайызы төменгі шенге ие. Ерлер көбіне бізді нәзік әрі әлсіз деп біледі. Бірақ әйелдердің саладағы үлесі бұл пікірді жоққа шығарып отыр.
Әлемде ғылымға ден қойған ару көп
Ғылымда да талмай еңбек етіп, оның дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан қыз-келіншектердің қарасы көп. ЮНЕСКО-ның соңғы зерттеуіне сүйенсек, бұл салада нәзік жандардың үлес салмағы 30 пайыздан асады. Мысалы, ЕуроОдақ елдерінде 7 миллионға жуық ару жұмыс істейді. Бұл – «Кәрі құрлықтағы» жалпы ғылыми қызметкерлердің 41 пайызы. Орталық Азияда көрсеткіш 46 пайызды құрайды.
Жалпы ғылым саласы бойынша әлемдегі ең жоғары марапат, халықаралық Нобель сыйлығын иеленген 710 ғалымның 25-і әйел. Олардың үлесі әсіресе, әлеуметтік секторда жоғары, 48 пайыз. Ал агросекторда 41 процент болады. Өкіншістісі жер шарымызда қазіргі заманның өзінде ғылым кенжелеп қалған аймақтар да бар. Олардың көбі Африкада. Мұнда әйелдердің тек 22 проценті ғана зерттеу ісімен айналысады. Өйткені қара құрлықта нәзік жандар көбіне күнделікті күйбең тіршіліктен бас көтере алмайды екен.
Нели Михаилова, БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілі:
- Біз Африкада ғылыммен айналысатын әйелдердің қатарын көбейту үшін түрлі бағдарламаны жүзеге асырып келеміз. 2023 жылы ұсынған жобаларға Африканың 24 елінен 48 ғалым қатысты. Олардың 43 пайызы – әйелдер. Осындай жетістігіміз бар.
Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласы: 22%
Ал елімізде ғылымдағы қыз-келіншектердің үлесі басым. Зерттеулер қазақстандық әйелдердің тең жартысы зерттеу жұмыстарымен айналысатынын көрсетіп отыр. Әсіресе, аруларымыз биология және химия саласында көптеп еңбек етеді. PhD доктор әйелдердің үлесі 60 пайызға жуықтайды. Бұл нәзік жандардың ғылымға зор үлес қосып келе жатқанының айқын белгісі.