8 наурыз күні Қытайда тек әйел адамдар демалады
Қытайда бүгін тек әйелдер ғана демалады, еркектер жұмыс істеп жатыр.
Көршілес елде 8 наурызды «Фу нюй» деп атау қалыптасқан. Бұл «Тұрмысқа шыққан ханым» деген мағына береді. Сондықтан Қытайда 8 наурызда күйеуге тимеген қыздарды құттықтау сөлекеттік болып саналады. Алайда жігіттер қыздарға қуаныш сыйлаудың ебін тапқан сияқты. Бұл елде бойжеткендерді 1 күн бұрын - 7 наурызда құттықтап, сыйлығын беріп тастайды.
Әйел адам күйеусіз және баласыз өмір сүруге құқылы. Бұл қытайлық феминист және жазушы қыздың пікірі. Ол тұрмысқа шығу, отбасы құру - әділетсіздік деп есептейді. Екінші жыл қатарынан бала туу көрсеткіші төмендеген азиялық елдің билігі "отбасы құру мен бала сүюдің жаңа мәдениетін қалыптастыру қажет" деген міндет қойған.
Чай Уанроу, феминист:
"Көптеген әйелдер тұрмысқа шыққан соң өзін жоғалтады. Өз бетінше табыс таба алмай қалады, күйеуіне кіріптар болып қалады. Бақытсыз ғұмыр кешеді. Сондықтан үйленудің, бала табудың еш қажеті жоқ. Өзіңді сақтаған жөн. Толық шынайы гендерлік теңдікке қол жеткізуіміз керек."
Қыздардың 44%-ы тұрмысқа шыққысы келмейді
Қытай
2021 жылы Қытайда жалғызбасты тұрғындар саны 239 миллионнан асты. Бұл рекордты көрсеткіш. Жергілікті Жастар лигасы арнайы сауалнама жүргізіп, оған қатысқан қыздардың 44 пайызы тұрмысқа шыққысы келмейтінін айтқан.
Батыста жаңа тренд пайда болды. АҚШ пен Британияда trad wives немесе traditional wives, яғни дәстүрге берік әйелдер қозғалысы қарқын алып келеді. Олар феминизмге қарсы, дәстүрлі құндылықтарды қолдайды. Бұл белсенділер "әйелдер - күйеуіне толық бағынып, ошақ басында отырып, отбасының жылуы болуы керек" деген қағиданы ұстанады. Олар үшін қызмет, мансап маңызды емес. Бұл тренд қарсы шығып жатқандар да бар.
Джо Пьяцца, жазушы:
"Әйелдер отбасы, ошақ қасынан аса алмаған ескілікті бұлайша көксеу жақсылыққа апармайды. Олар келіншектерді тұрмыстың құлы және құрбаны қылғысы келеді. Бұл қауіпті үрдіс."
Дәстүрге берік әйелдер қозғалысына наразылар тұрмыстық зорлық-зомбылық күшейе ме деп қорқады. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазірдің өзінде әлемдегі әр үшінші әйел зорлық көреді. Біздің қазақ "Әйел - үйдің қазығы, қазынасы, көркі, берекесі" деп бағалайды.