Газа секторы Рамазан айын қарсы алды
Газа секторында азық-түлік тапшылығы әлі байқалады.
Ал Рамазан айы қарсаңында оның құны тіпті аспандап кеткен. Соған қарамастан тұрғындар ауыз бекітіп, құлшылық жасауды ұмыт қалдырмады. Өзара мерекелік көңіл-күй сыйлап, шатырларын жарық-шамдармен безендірген. Жарапазан айтып, қасиетті айды құрметпен қарсы алып жатыр.
Қасиетті ай қарсаңында Газаның оңтүстігіндегі Рафах қаласы қарбаласқа толы. Базарға жиналған халық қыз-қыз сауда жасап, азық-түлік сатып алуға асық. Бірақ баға тым қымбат, қалтаға салмақ салуда, - дейді тұрғындар.
Ғалия Мехейсен, жергілікті тұрғын:
"Аймақта жағдай өте қиын. Азық-түлік бағасы болса, көтеріліп кетті. Мерекелік көңіл-күй де байқалмайды. Жинаған қаражатымыз таусылуға жақын, бар ақшамызға Рамазан айында ауыз бекіту үшін азын-аулақ ас-ауқат алдық. Біз қақтығыстан әбден шаршадық. Тым болмағанда оразада шабуыл тоқтаса екен..."
Ал оңтүстіктегі тағы бір шаһар, Хан-Юнисте тұрғындардың көңіл-күйі көтеріңкі. Олар шатырларды жарықшамдармен безендіріп, дәстүрлі Рамазан әнін шырқап, қасиетті айды құрметке сай қарсы алды. Ес білген баладан еңкейген қариясына дейін таң алагеуімнен оянып, ауыз бекіткен.
Салех Собейх, жергілікті тұрғын:
"Біз жыл сайын Рамазанда ораза ұстаймыз. Ал қасиетті ай кірмей 5-6 күн бұрын барлық жерді безендіріп, мерекелік леп сыйлаймыз. Бұрын тоңазытқышты дәмді тағамдарға толтырып қоятын едік. Енді тек табылған азықпен ғана ауыз бекітуге тура келеді. Аш-құрсақ жүрсек те, оразамызды бұзбаймыз."
Бұл мерекені әсіресе әр күнін үреймен өткізген балалар асыға күтті. Өйткені Рамазанда ересектер балғындарды сыйлық беріп қуантады. Биыл да бұл дәстүрге қақтығыс кедергі болмады. Үлкендер мерекелік шара ұйымдастырып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Файка Әл-Шахри, жергілікті тұрғын:
"Шабуылға қарамастан бұл шараны балаларды қуанышқа бөлеп, оларды уайым мен қайғыдан арылту үшін ұйымдастырдық. Бүгін барлық лагерьлерден балалар осында келіп жиналды. Өз үйінде болмаса да, жылулық пен қауіпсіздікті сезінсін деп шамдар сыйға тарттым".
Сарапшылар азық-түлік тапшылығы мен бағаның күрт өсуі тұрғындардың ораза ұстауына кедергі келтіруі мүмкін дейді. Өйткені аймақтың солтүстігінде аштық қаупі артқан. Тіпті балалар тойып тамақ ішпей, өлім құшуда. Бірақ жергілікті халық Рамазан айында ауыз бекітіп, парызды орындау қақтығысты тоқтатуы мүмкін деп үміттенеді.
Әсия Нұрлыбаева