Ердоған саясаттан кете ме?
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның саяси мандатының аяқталуы жайлы мәлімдемесі түрлі пікірталастарға жол ашты.
30 жылдан бері саяси карьерасында бірде-бір рет жеңілмеген адуынды Ердоған расымен де ел басқарудан кетпек пе? Әлде бұл кезекті саяси қадам ба?
Түркияда 31 наурыз күні муниципалды сайлау өтеді. Саяси дода алдында ел президенті Режеп Тайип Ердоған мәлімдеме жасап, бұл оның соңғы сайлауы екенін айтты. Саясаткер өзі жетекшілік ететін консервативті Әділет және даму партиясы (АКР) мемлекет басшысы қызметінен кеткеннен кейін де билікте қалатынына сенім білдірді.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Жұмысымды үздіксіз жалғастырып келемін. Себебі бұл мен үшін мәре. Заңның маған берген өкілеттілігіне сәйкес бұл менің соңғы сайлауым. Бірақ бұл жерде шығатын нәтиже менен кейін келетін бауырларым үшін аманат кезеңі болмақ. Сондықтан соған сәйкес пысықтап, нық қадамдар арқылы басқа көзқарастағыларға 31 наурыз күні жауап қайтарайық. 1 сәуірден бастап жаңа дәуірді бастайық.
30 жылда 17 сайлауда жеңіске жеткен Ердоғанның бұл сөздері түрлі пікірталастарға жол ашты. Жергілікті БАҚ, билеуші партия үшін әлеуметтік эксперимент және Конституцияға түзетулер енгізу қажеттілігі туралы ескерту, жергілікті сайлауда өз партиясы үшін көбірек дауыс алу мақсатында жасалған қадам, партия ішіндегілердің осы мәлімдемеден кейінгі әрекетін көру үшін жасалған әлеуметтік эксперимент деп жазды. Көп ұзамай бұрынғы әділет министрі және парламент төрағасы орынбасары Бекир Боздағ көптің сұрағына жауа берді.
Оппозициялық партия атынан сайланған Ыстамбұл мэрі Экрем Имамлұның да жауабы кешікпеді. Мұның жергілікті сайлауға әсер ету мақсатында жасалғанын меңзеді.
Экрем Имамоғлұ, оппозициялық партия атынан сайланған Ыстамбұл мэрі:
- Сіз жуырда ғана президент болып сайланған жоқсыз ба? Бұл халық сізге президентті сайлау үшін дауыс берді емес пе? Тағы төрт жыл міндетің жоқ па? Бұл сайлау 10 ай бұрын аяқталды. Естеріңізге сала кетейін: Бұл муниципалды сайлау, бұл Ыстамбұл сайлауы. Қарсыласымыз кім деп шатастыра бастадық. Қызық, біздің қарсыласымыз расында кім? «Ол басқа жерге кандидат, біз оны білмей қалдық па?
70 жастағы сақа саясаткер Ердоған саяси мансабын 1994 жылы Ыстамбұл мэрі ретінде бастаған. 1999 жылы «Әскер тілегі» өлеңін оқығаны үшін төрт ай абақтыға қамалды. Бұл оқиға оның саяси мансабында жаңа кезең іспетті. 2003 -2014 жылдар аралығында премьер-министр. 2014 жылынан бастап президент қызметін атқарды. Үшінші рет 2023 жылы президенттікке сайланған Ердоғанның өкілеттілігі 2028 жылы аяқталмақ. Әлемді мойындатқан көшбасшының екі ұл, екі қызы бар.
Меруерт Памбетова