Әлем халқының жартысынан астамы қалада тұрады
Әлем халқының 55%-і қалада тұрады.
2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 70%-ке артуы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы жасаған болжамға сенсек, жер бетінде қала тұрғындарының саны алдағы 26 жылда 6,3 миллиардқа жетеді. Ал ғасыр соңында бұл көрсеткіш тағы 3 миллиардқа көбеюі мүмкін. Яғни, болашақта халықтың 80-90% қалада тұратын болады.
Иә, әркім қалаға әртүрлі мақсатпен келеді. Бірі білім қуып, енді бірі жұмыс іздеп келеді. Әсіресе алып шаһарларға қоныс аударушылар көп. Дегенмен осы ірі қалаларда экологияның ластануы, инфрақұрылымның тозуы сияқты мәселелер шаш етектен.
Мегополис – мүмкіндік мекені. Десе де қалаға қоныс аудурушылар санының артуы даму ма? Құлдырау ма?
Мегаполистер мүмкіндігі мен кемшілігі
Жапония астанасы Токио – халқының тығыздығы жөнінен әлемдегі ең ірі мегаполис. Шаһардағы адам саны 37 миллионнан асады. Көлік пен техниканың отаны көз ілестірмес жылдамдықпен қарыштап дамып, түрлі өндіріс орындары көбейіп келеді. Ал бұдан қоршаған ортаға келетін қауіп көп. Мәселен, Жапония дүниежүзінде көмірқышқыл газын бөлуші 5 алпауыт елдің қатарында екенін ескерсек, бір ғана Токионың өзінде 62 миллион тонна көмірқышқыл газы ауаға таралады. Соның салдарынан ауа ластанады. Ресми мәліметке сәйкес, Жапонияда ауа ластануынан 60 мың адам көз жұмады.
Амина Мохаммед, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:
- Қазір халықтың басым бөлігі қалалық жерлерде шоғырланған. Жыл сайын қоныс аударушылар санының артуына қарап, 2050 жылға қарай қала тұрғындарының саны 6 миллиардтан асады деп болжап отырмыз. Тұрақты даму жолындағы бәсеке әсіресе ірі қалаларда байқалады. Сондықтан әр мемлекет халық үшін де, мемлекет үшін де тиімді жолдарын қарастыруы керек.
Алып шаһарларда босқын көбейді
Күн сайын әлемде 180 мыңдай адам қалаға қоныс аударады. Бұлардың қатарында үйсіз, күйсіз сандалып, лашықтан үй салып алғандары бар. Кейінгі 50 жылда ірі қалаларда лашықта тұратын тұрғын саны 35 миллионға жеткен. Әсіресе Африка мен Оңтүстік Азияда. Бұл көрсеткіш кейінгі 15-20 жылда екі есе артады, – деп болжайды сарапшылар. Өйткені қазір әлемде босқындар саны артып барады.
«Әлемде босқындар санының артуы қаладағы адам саны үлесінің күрт өсуімен тығыз байланысты. Әсіресе дамыған елдер үшін бұл – үлкен мәселе. Өйткені кедейлер саны артады. Тұрақты баспанасы жоқтар тазалық шараларын сақтамағандықтан, түрлі аурулар тарайды», – Питер Оборн, Халықаралық архитекторлар қауымдастығының вице-президенті.
Қала инфрақұрылымындағы қиындық
Қала тұрғындарының қатары көбейген сайын инфрақұрылымды дамыту кешеуілдей береді. Әсіресе дамушы елдерде кәріз жүйелері мен сапасыз жолдар көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, кей қалаларда тасжолдардың үгітілуінен жыл сайын 500 мың адам көз жұматын көрінеді. 15 миллионға жуығы ауыр жарақат алады. Салдарынан сал болып қалғандары да жетерлік. Мәселен, Бангладеш ауруханаларындағы науқастардың 50%-і жол апатынан зардап шеккен.
Еуропада қарттар көп
«2050 жылға қарай жер бетінің басым бөлігін африкалықтар құрауы мүмкін» деген болжам жиі айтылады. Мұндағы қалалықтар үлесі 2,5 миллиард болмақ. Нигерия, Эфиопия, Египетте қала тұрғындары көбеюі мүмкін. Ал АҚШ пен Еуропа сынды алпауыт елдерде көрсеткіш керісінше төмендейді-мыс. Мұны халықтың қартаюымен байланыстырады сарапшылар. Мәселен, Еуростаттың мәліметі бойынша еуропалықтардың 21%-і – 50-64 жасты алқымдағандар. Италияда әр төртінші тұрғын – зейнеткер.
Технология дамыған сайын өнеркәсіп өндірісі де дамып жатыр, – деп айттық. Салдарынан парниктік газдар бөлініп, қазір бүкіл әлем ғаламдық жылынудың зардабын тартып отыр? Осы кезекте урбанистика тұрғысынан әлем елдері қалай күресіп жатыр?
Мұны «ақылды қалалар» салумен байланыстырсақ болады. Мысалы, Қытайдың кей қалаларында қоқысты сұрыптау үшін нейрондық желімен жабдықталған роботтар қолданылады. Бұл қайта өңдеу тиімділігін арттырады. Ал Лос-Анджелесте жасанды интеллектіге негізделген ақылды шамдар көшедегі жарықты реттейді, қауіпсіздікті жақсартады және осы арқылы жарықты үнемдеуге болады.