АҚШ-та ақпан айында инфляция өсті
Өткен айда АҚШ-та тұтынушы бағаларының индексі 2023 жылдың ақпанымен салыстырғанда 3,2%-ке өскен.
Мәліметтерді Еңбек министрлігі жариялады. Бұл инфляция мәселесі Федералды резерв жүйесінің және Джо Байденді қайта сайлау компаниясының тұрақты мәселесі болып қала беретінін көрсетеді. Жалпы қазіргі Президенттің тұсындағы ең жоғары инфляция 2022 жылдың мауысымында 9,1% болған. Сонымен салыстырғанда қазіргі көрсеткіш әлдеқайда төмен болғанымен, қайта өсуін жалғастырып келеді.
Энергия құнының 2,3%-ке өсуі жалпы инфляция көрсеткішін көтеруге үлесін қосты. Бензиннің қымбаттауы да оған әсер етті, тек қаңтардан ақпанға дейін жанармай бағасы 3,8%-ке өсті. Сонымен қатар киім-кешек, пайдаланылған көліктер мен үй жалға алу бағасы да жоғарылады. Осылайша, өткен айдағы инфляцияның күрт өсуіне байланысты Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге қатысты сақтық көзқарас ұстануын жалғастырды.
Джером Пауэлл, АҚШ Федералды резерв жүйесінің төрағасы:
- Егер жалпы экономика күтілгендей дамитын болса, осы жылдың ішінде ұстамдылық саясатын жеңілдетуді бастаған дұрыс. Бірақ экономикалық болжам белгісіз және инфляцияның екі пайыздық мақсатына жетудің жалғасуына кепілдік бере алмаймыз.
Стоматологиялық көмек, көлікті сақтандыру, автокөлік жөндеу және басқа да қызметтердің бағасы әлі де пандемияға дейінгі уақытпен салыстырғанда қарқынды өсіп жатыр. Ұшақ билеттері тек ақпанда 3,6%-ке қымбаттаған. Медбикелер мен басқа да сұранысқа ие қызметкерлердің жалақысын көтерген ауруханалар емделушілерге де бағаны өсіруге мәжбүр болды.
Айжан Сыдықова, тілші:
- АҚШ-тағы жоғары инфляция мәселесі қарашадағы сайлау қарсаңында тіпті қызды. Өткен жұма күні АҚШ президенті Конгресс алдында жасаған жолдауында экономикалық жетістіктерімен мақтанғанымен, сауалнамаларға сәйкес халықтың көбі қымбатшылыққа Байденді айыптайды. Инфляция қысымы айтарлықтай төмендегенімен, орташа баға үш жыл бұрынғы деңгейден әлдеқайда жоғары болып қала берді.
Авторы: Айжан Сыдықова.