Қызылорда облысында егін егу науқаны басталды
Қызылорда облысында бидай мен жоңышқа егу басталды.
Биыл мал азығы дақылдарының көлемі 2 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ. Қызылордалық шаруалардың минералды тыңайтқыш сатып алуға жұмсаған қаржысының 60 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады. Бірақ бұл жеңілдік тек отандық зауыттардың өнімін тұтынушыларға арналған. Дегенмен, бұл жүйеге қосылғысы келмейтін шаруалар да субдиясыз қалмайды. Алайда оның мөлшері 50 пайыздан аспайды. «Мұндай мемлекеттік қолдау әсіресе шағын шаруашылықтар үшін тиімді және отандық өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған»,-дейді мамандар. Бүгінде облыс бойынша қажет минералды тыңайтқыш көлемінің 62 пайызы дайындалған.
Жүсіпбек Әжібеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар жағармай мәселесі шешілді. Облысқа мемлекет тарапынан арзандатылған 12,9 мың тонна жанар жағармай бөлініп, оның осы ақпан айына бөлінген 3,5 мың тоннасына өңірге белгіленген төрт оператор арқылы бүгінгі таңда облысқа жеткізіліп, шаруашылық құрылымдарына әр литрін 250 теңгеден босатылуда.