Вашингтонда сакура ерте гүлдеді
Вашингтонда сакура әдеттегіден ерте гүлдеді.
Соңғы жиырма жылдағы мәліметтер бойынша орташа уақыты 4 сәуір болған. Тіпті жыл сайын өткізілетін жапондық шие ағаштарының гүлдеуіне арналған фестиваль де әлі басталған жоқ. Көктемнің осы керемет сәтін тамашалау үшін АҚШ астанасына биыл 1.5 миллион адам келеді деп күтіледі. Бұл уақыт туристік кезең болып саналады. Алайда ұлттық парктер қызметі 140 түп шие ағашын кесіп тастамақшы. Теңіз деңгейінің көтерілуі және жаһандық жылыну Вашингтондағы мыңдаған шие ағашқа кері әсер етіп тұр.
Мұхит және атмосфераны зерттеу ұлттық басқармасының ақпараты бойынша соңғы жүз жылдықта Колумбия округындағы теңіз деңгейі 35 сантиметрге көтерілген, ал тағы бір 100 жылдан кейін 1,8 метрге жоғарылайды деп болжануда. Су деңгейінің болмашы көтерілуінің өзі Потомак өзені мен жасанды көлдің жағалауларына және бөгеттерге түсетін салмақты арттырады. Сонымен қатар бұл жердегі бөгеттер өте ескі 1800-1900 жылдары салынғандықтан, төмен түсіп кеткен. Сол себепті өзен ернеуінен асып, осы жердегі ағаштардың тамырларын шірітіп жатыр. Үш жылға жоспарланған жоба бойынша қаладағы осындай бөгеттер жөнделеді.
Боб Грант, Вашингтон қаласының тұрғыны:
- Біз жыл сайын осы әдемі көріністі тамашалауға келеміз. Биыл мында жөндеу жұмыстары өткізіледі және көптеген ағаштарды кесіп алып тастайды. Сондықтан біз бұл жерді осы әдемі қалпында еске сақтағымыз келеді.
Бұл жұмыстар сакураның гүлдеуі аяқталған соң сәуір айының ортасында басталады. Жалпы Вашингтондағы бұл саябақтың тарихы 100 жылдан асады. 1912 жылы Токио мэрі АҚШ пен Жапония достығының белгісі ретінде 3 мыңнан аса шие ағашын сыйға тартады. Ұзақ жылдан бері жапон шиесінің гүлдеуін тамашалау дәстүрі үзілмей келеді. Барлық гүлдердің 70%-ы ашылған кезінде демалыс күндері кептелістер көп болады. Қала тұрғыны Кевин Техастан келген жолдасы Хейлиді әсем сакуралар бағына мотоциклмен жедел жеткізіп жүр.
Кевин Трэн, Вашингтон қаласының тұрғыны:
- Мен осында 37 жылдан бері тұрам. Негізі өзім Вьетнамнан келгем. Бүгін жұмыс күні болғандықтан көп кептеліс жоқ, ал демалыс күні қиын болды. Көшеде машина көп, ал мен мотоциклмен арасынан өтіп кетемін және автокөліктерге тұрақ табу қиын, ал маған көп орын қажет емес. Осылай жыл сайын гүлдеуді тамашалауға келем.
Бөгеттерді жөндеу жұмыстарына үш жылда 113 млн доллар бөлінеді. Ал құрылыс аяқталған соң кесілетін 140 шие ағашының орнына 274 жаңа көшет егіледі.
Айжан Сыдықова