Иран халқы Наурызды 13 күн тойлайды
Наурыз! Навруз! Новруз! Ұлыстың ұлы күні әлем тілдерінде осылай сәл-пәл айырмашылықпен аталады.
Бірақ бәріне ортақ құндылық: Наурыз – жыл басы. Наурыз Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Иран, Тәжікстан, Грузия, одан әріде Түркия, Албания, Македонияда мемлекеттік мереке ретінде тойланады.
Ұлыстың ұлы күні – Ресейдегі Дағыстан, Татарстан, Башқұртстанда ұлттық мейрам. Сонымен қатар Наурыз Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданында, Ирактың Күрдістан аймағында, Үндістанның кейбір өңірлерінде және Ауғанстанда аталып өтеді.
Иран Наурызды 13 күн тойлайды
Иран халқы Наурызды 13 күн тойлайды. Олар алғашқы 5 күнде туған-туыстары мен достарын аралайды. Ал «Сизда-Бедар» деп аталатын 13-ші күні ирандықтар табиғат аясына шығады. Мұны өздері «Даламен үндесу» дейді. Иран халқында біздің наурыз көжеге ұқсас «хафт-син» деген арнайы дастарқан жайылады. Оған «с» әрпінен басталатын 7 зат қойылады: сир – сарымсақ, медицина символы; сиб – алма, сұлулық пен денсаулық нышаны; сабзе – бидай немесе жасымық өскіні, жанданған табиғаттың символы; сенджед – жиде, махаббат белгісі: серке – сірке, даналық пен төзім нышаны; саману – қаттама нан, береке белгісі және сомаг – сірке ағашы тәңсәріні білдіреді.
Ауғанстандағы Наурыз мейрамы
Наурыз мейрамын Ауғанстанда да атап өтеді. Бірақ жаппай емес – ішінара. Бұрын мемлекеттік деңгейде тойланып, демалыс берілетін. Бірақ «Талибан» билікке келгелі «Наурызға» шектеу пайда болды. Мейрамға байланысты бұл елде түрлі ғұрып бар. Мысалы, әйелдер кейбір жұмыртқаларды бояп қояды. Оны балаға ұсынады. Жесе, сонымен үйдегі бақытсыздық кетеді деген наным бар.
Сирия жұрты Наурыз тойлап жатыр
Наурызды сириялықтар да кеңінен тойлайды. Басты мерекелік іс-шаралар Түркиямен шекаралас елдің солтүстік-шығысындағы Қамышлы қаласында өтіп жатыр.
Қамышлы – кәдімгі түрік сөзі. «Қамысты» деген мағынаны білдіреді. Бұл қала Сириядағы Күрдістан аймағының астанасы болып саналады. Бұлар да от жағып, сол арқылы пәле-жаланы аластайды. Наурызды ақ пен қараның, жамандық пен жақсылықтың айырылған мезгілі деп есептейді.
Бүгін Наурыз мейрамын тойлайтын барлық елде жұмыс күні емес. Қырғызстан мен Өзбекстан 24-іне дейін демалады. Барша қазақ халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын, ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын.