Түркиядағы Наурыз мерекесі. LIVE
Ұлысты ұлы күні наурыз тек қазақтың емес, күллі түркінің ортақ мерекесі.
Наурыз мейрамын туыстас жұрттың дені тойлайды. Түркияда наурыз мерекесі қалай тойланып жатыр?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Ұлт пен ұлыстың басын қосып, бауырмалдыққа шақыратын Наурыз мерекесі Түркияда да кеңінен тойлануда. Алайда бұл мереке әлі де ресми мерекенің қатарында болмағандықтан бүгін жұмыс күні. Дегенмен, жыл сайын қанатын кеңге жайып, ұлыстың ұлы күнін атап өту түркі халықтарының арасында бұқаралық сипат алып келеді. Әсіресе наурызды осылайша кеңінен тойлауда Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен түркітілдес мемлекеттердің елшіліктерінің еңбегі зор.
Бұл жер Анкараның ең ірі аудандарының бірі Кечиөрен. Жылда ауданда наурыз мерекесі дәстүрлі түрде атап өтіледі. Биыл да тап солай. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан мен наурызды тойлайтын Таяу Шығыс елдерінің өкілетті елшілері халықты құттықтап, елдерінен келген өнерпаздар өнерін көрсетеді. Жылда ұлттық тағамдар ұсынылатын. Биыл күллі түркіге ортақ Наурыз қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен осында жиналғандар ауызашарда бас қосады. Тап осы секілді елдің бірқатар өңірлерінде Наурыз атап өтілуде. Әсіресе Наурызды елдегі этникалық күрттер кеңінен тойлайды. Шығыс өңірлері бұл күнде халай теуіп, алаудан секіреді. Ал Түркияда Наурызда ұлттық әдет-ғұрыптар көрсетіледі. Соның ішінде ұстаның темір соғатын төсін балғамен ұру, оттың үстінен секіру және түрлі-түсті жұмыртқаны бір-біріне соғыстырып, темірді ұру дәстүрі ежелден бар. Қытай дереккөздерінде біздің дәуірімізден бұрын 3-ғасырда ғұндар көктем айларында той жасаған деген мәліметтер орын алғандықтан тарихы сол кезге дейін барып тіреледі. Наурыз түріктердің Эргенекон қамалынан шыққан күні ретінде де қабылданады. Түркітілдес халықтар мерекеге көрік берген осындай үрдістерге дән риза.